Атырау облысында 90 жастағы қария туған ұлының үстінен сотқа шағымданып, өзіне жасалған қорлықты баяндады. Қария сот отырысына өзі келіп, кенже баласының заң алдында жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов сот отырысына қатысу үшін көршілес Жылыой ауданына барған. Оның айтуынша, кенже ұлы оны үйге қамап, қол-аяғын скотчпен байлаған. Сондай-ақ бірнеше рет басынан ұрып-соққан. Қария денсаулығының нашарлауына осы жағдай себеп болғанын айтады.
«Төрт айдан бері неге қамамайды? Мені қамағаны, қол-аяғымды байлағаны, тас төбемнен ұра берді. Сол ұрғанның зардабынан инсульт алдым. Басымда ұра бергеннің зардабы жиналды. Ұрып, жығып, бәрін алған да, киім-кешегімді бермей қойды. Қазір балалардың киімін киіп жүрмін», – деді Әділхан Сисенов.
Оқиға биыл маусым айында болған. Ауылда көмек таба алмаған қария қалаға келіп, журналистерге сұхбат бергеннен кейін жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған. Осыдан соң оның кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қарияның сөзінше, баласы бұған дейін де бірнеше рет қол көтерген. Алайда ол құқық қорғау органдарынан тиісті көмек ала алмағанын мәлімдеді.
Іс бойынша айыпталушы – арызданушының 47 жастағы кенже ұлы. Ол әкесінің қара шаңырағында тұрған. Алайда сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындамаған.
Сотқа жәбірленушінің туыстары да келіп, қарияның құқығын қорғауды талап етті. Олардың айтуынша, бұл – істің үшінші сот отырысы. Туыстары Әділхан Сисеновтің денсаулығы біртіндеп жақсарып келе жатқанын жеткізді.
«Сағыз стансасынан келіп тұрмыз. Осымен үшінші рет. Туған ағамыз үшін келіп отырмыз ғой. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Ағайынның бәрімен қазір араз болдық, осы баланың қылығынан. Ауырып қалып еді, қазір жақсы, есі орнына келіп жатыр. Өткенде микроинсульт алды ғой», – деді жәбірленушінің қарындасы Кенжетай Сисенова.
Айта кетейік, маусым айында Әділхан Сисенов ұлының үстінен арыз жазғанымен, тиісті шара қолданылмағанына шағымданған еді. Сондай-ақ баласының бұрын ішкі істер саласында қызмет еткенін айтып, істің әділ қаралатынына күмән келтірген.
Кейін қарияға күш қолдану дерегі бойынша кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен айыпталушы әзірге қамауға алынбаған. Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.


