Бүгін, 13 қарашада Қырғызстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Алдағы сайлауға қатысуға 11 азамат ниет білдірген. Олардың қатарында қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаров та бар. Бұл туралы Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Президенттікке кімдер үміткер?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президенттік сайлауға қатысуға өтініш берген азаматтар қатарында:
- Аймен Касенов – кәсіпкер және қоғам қайраткері;
- Азамат Есенбеков – бұрынғы қаржы министрінің көмекшісі;
- Сыймык Жапыкеев – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы прокуроры;
- Акай Кадыров – кәсіпкер;
- Исхак Масалиев – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты;
- Садыр Жапаров – Қырғызстанның қазіргі президенті;
- Бактыбек Калмаматов – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты;
- Бактыбек Адылов – Мемлекеттік көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы;
- Амур Айба Медер – кәсіпкер;
- Мамбетжунус Абылов – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы, бұрынғы министр;
- Клара Сооронкулова – Жоғарғы соттың Конституциялық палатасының бұрынғы судьясы.
Айта кетейік, Қырғызстан тарихында президент міндетін әйел адам да атқарған. 2010 жылғы сәуірден 2011 жылғы желтоқсанға дейін бұл қызметті Роза Отунбаева атқарды. Ол бұған дейін оппозициялық қозғалыстың тең төрағасы және Уақытша үкіметтің басшысы болған.
Кейін Роза Отунбаева халықаралық қызметке ауысып, 2022 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы қыркүйекке дейін БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі әрі Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы болды.
Ал қазіргі президент Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс сайлауда 79,2 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен. Ол 28 қаңтарда ресми түрде қызметіне кіріскен.
Президент сайлауы қашан өтеді?
Қазір Қырғызстанда президенттікке үміткерлерді қолдау үшін сайлаушылардың электронды қолдарын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл кезең 2026 жылғы 8 желтоқсанға дейін жалғасады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер кемінде 30 мың сайлаушының қолын жинауы керек.
Ал тіркеуге қажетті құжаттарды қабылдау 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Президенттікке кандидаттарды тіркеу 23 желтоқсанда аяқталады.
Қырғызстандағы президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға жоспарланған.


