Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллар болады. Ал осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 181 миллиард доллардың шамасында болды.
2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды.
Бұл қазіргі буын өкілдерінің өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық боларына күмән жоқ.
Қазақстанда ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі нақты бекітілген. Соған сәйкес азаматтарымызға 1 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетіледі.
Елімізде әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға берілетін жәрдемақының 39 түрі бар», деді Тоқаев.


