Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы оның бұрынғы әйелі, қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Адвокаттың хабарлауынша, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, соңғы шешім шығарған. Сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының шағымын қанағаттандырмады.
«Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жақсыген Нұрсұлтанға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды аяқтап, түпкілікті шешім қабылдады.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды», – деп жазды адвокат.
Қылмыстық-процестік кодекстің 444-бабының 3-бөлігіне сәйкес, апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиевамен соттасқан еді. Актер сот шешімімен 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынған. Сонымен қатар ол бұрынғы әйеліне 5 миллион теңге төлеуге міндеттелген.
Сабырәлиева бұған дейін әлеуметтік желіде видео жариялап, өзіне қатысты шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтқан болатын.


