АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен президент Дональд Трамп Қазақстанға сапармен келуге қызығушылық танытқан. Америкалық жоғары лауазымды тұлғалардың елімізге келуі мүмкін екенін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт мәлімдеді. Бұл туралы ол Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Елшінің сөзінше, АҚШ тарапы Қазақстанға жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыруға ниетті. Алайда әзірге нақты мерзімдер белгіленбеген.
«Жоғары деңгейдегі сапарлар болатынына сенімдімін. Мемлекеттік хатшы Рубио сыртқы істер министрі Тілеубердіге Қазақстанға келгісі келетінін айтқан. Басқа да тұлғалар, соның ішінде президент те Қазақстанға келуге қызығушылық білдірді. Біз мұны ұйымдастыруға тырысамыз», – деді Джули Стаффт.
Сұхбат барысында Самал Ибраева АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың қазан айының басында Қазақстанға емес, Өзбекстанға барғанына қатысты сұрақ қойды. Журналист Қазақстанда 600 америкалық-қазақстандық компания жұмыс істейтінін және еліміздің экономикасы Өзбекстаннан әлдеқайда ірі екенін атап өтті.
Бұған жауап берген елші Рубионың Самарқанға сапары Орталық Азия елдерін біріктіретін C5+1 форматындағы кездесуге байланысты болғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл топтық сапар болған. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлерімен кездесіп, өзімен бірге америкалық 200 компанияның өкілін алып барған.
Джули Стаффт Қазақстан экономикасының өңірдегі ең дамыған экономика екенін де атап өтті.
«АҚШ Қазақстанға басқа бір елдің көзімен қарамайды. Көршілеріңіздің кім екені немесе Орталық Азияда тағы қандай елдер бар екені маңызды емес. Біз Қазақстанды өзіндік ерекшелігі бар, жеке өзі маңызды ел ретінде қарастырамыз», – деді елші.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық тек экономикалық байланыстармен шектелмейтінін жеткізді. Екіжақты әріптестік терроризмге қарсы күрес пен қауіпсіздік мәселелерін де қамтиды.


