Ақмола облысында жүк пойызы теміржол рельсінің үстінде отырған ер адамды қағып кетті. 47 вагоннан тұратын пойыздың астына түскен азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қайғылы оқиға 19 қарашада Шортанды мен Дамса ауылдарының арасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, пойыз теміржолдың 428-шақырымында сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен қозғалған.
Машинистің айтуынша, ол рельстің үстінде отырған адамды шамамен 300 метр қашықтықтан байқаған. Дереу шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, ауыр салмақты пойызды уақытында тоқтату мүмкін болмаған. Салдарынан ер адам оқиға орнында қайтыс болды.
Кейін марқұмның Шортанды ауылының тұрғыны екені анықталды.
Оқиғаға байланысты Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Іс адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бабы бойынша тергеліп жатыр.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Осыған байланысты ведомство өкілдері тұрғындарды теміржолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Азаматтарға теміржолды тек арнайы жабдықталған өткелдерден кесіп өту, пойыз жақындаған кезде дыбыстық белгілерді есту үшін құлаққапты шешу және перрон шетіне жақындамау қажеттігі ескертілді.


