Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 9-сынып оқушысы өгей әкесінің ағасын өзіне бірнеше рет зорлық көрсеткен деп айыптап отыр. Жасөспірімнің айтуынша, 58 жастағы ер адам оған ұйықтататын дәрі беріп, дәрменсіз күйде қалған сәтін пайдаланған. Қазір аталған дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Жәбірленушінің сөзінше, күдікті алғаш рет оған көлігінде зорлық көрсеткен. Кейін мұндай жағдай Қармақшы ауданындағы үйде тағы екі рет қайталанған. Қыздың айтуынша, ер адам белгісіз дәрі беріп, оның ұйықтап қалуын күткен.
Жасөспірім болған жағдай туралы ұзақ уақыт бойы ешкімге айтпаған. Кейін бұл жайт белгілі болған соң, оның жақындары полицияға жүгінген.
Алайда қыздың айтуынша, анасы істің әрі қарай тергелуіне қарсы болып, одан болған жағдайды жоққа шығаруды сұраған. Тіпті ешкім оған сенбейтінін айтып, арыздан бас тартуға көндірмек болған.
Қазір 9-сынып оқушысы екі айдан бері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Ал нағашы атасы немересінің құқығы қорғалып, істің әділ тергелуін талап етеді. Оның айтуынша, қыздың орталықта емес, өз қолында тәрбиеленгенін қалайды.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әлтайдың айтуынша, арызданушы оқиғаның 2024 жылы болғанын көрсеткен. Қазір істің барлық мән-жайы тексеріліп, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Жасөспірімге қазіргі уақытта бейімдеу орталығының мамандары психологиялық және өзге де қажетті көмек көрсетіп жатыр.


