Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Татьяна Беловаға қатысты бірінші сатыдағы соттың ақтау үкімін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды.
Апелляциялық соттың шешімімен Белова бопсалауға жәрдемдесу және көрінеу жалғандық жасау фактілері бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу арқылы жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп жазады Muztaumedia.kz.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Татьяна Белованы бопсалау айыбы бойынша ақтап, оны тек көрінеу жалған сөз жеткізуге кінәлі деп таныған болатын. Ол кезде сот шартты жаза тағайындаған.
Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Шағымда сот істегі дәлелдер мен нақты мән-жайларға толық баға бермегені көрсетілген. Істі апелляциялық тәртіпте қараған сот алқасы жәбірленушілердің адвокаттары келтірген негізгі уәждерді негізді деп тапты. Сот Беловтың бопсалауға жәрдемдескені дәлелденді деген қорытындыға келді.
Сот анықтағандай, Татьяна Белова жәбірленуші туралы жағымсыз сипаттағы материалдар дайындап, оларды Лилия Аношинаға берген. Кейін бұл материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, жәбірленушіге қысым көрсету мақсатында пайдаланылған.
Сондай-ақ сот lianoshina@proton.me электрондық пошта мекенжайының Лилия Аношинаға тиесілі екенін анықтады. Аношина аталған қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылып, халықаралық іздеу жарияланған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Александр Борисенковтың айтуынша, апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот тиісті деңгейде бағаламаған бірқатар маңызды дәлелді назарға алған.
Адвокаттың мәліметінше, Татьяна Белованың жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту кезінде оған тиесілі моноблок тәркіленген. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сараптамасы барысында компьютерден бұрын өшірілген файлдар қалпына келтірілген. Аталған файлдарда жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер болған.
Қорғаушының айтуынша, Белова бұл материалдарды Лилия Аношинаға берген. Кейін олар жәбірленушіге жіберілген қорқыту сипатындағы хаттар мен ірі көлемде ақша талап етудің негізіне айналған.
Сараптама қорытындысында материалдарда қамтылған мәліметтердің жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіні көрсетілген. Сонымен қатар сарапшылар бұл ақпараттың жәбірленушіге келген қорқыту сипатындағы хабарламалардағы мәліметтермен сәйкес келетінін анықтаған.
Апелляциялық алқа сондай-ақ Қазақстан мен Ресей Федерациясында заңды күшіне енген бірқатар сот шешімдерін ескерді. Аталған сот актілерінде іс бойынша тараған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған.
Осылайша, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың ақтау үкімін жойып, Татьяна Беловаға қатысты жаңа айыптау үкімін шығарды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


