ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАРҒА ҮШБУ ХАТ
Айтайын деп айтпайсың, жазайын деп жазбайсың. Алатаудың омырауын тел емген екі ұлттың бірлігі мен татулығына сырттан келіп әлдебіреулер сына қағуы мүмкін-ау дегенді ойласаң айтуға да, жазуға да тура келеді екен.
Оу, қырғыз ағайын! Кенесарыға кектеніп, кегіңді келкелеп жария етуден жалықпай келесің. Сонда Хан Кене қырғызға не істеді? Елін шауып аздырды ма, жерін шауып тоздырды ма? Кенесары көк найзасын көлденең ұстап барғаннан қырғыздың жері бөлініп, бөліске түсті ме? Ел-жұрты айрылып талауға түсті ме? Хан Кененің шапқыншылығынан қырғыз жұртымыз әлі күнге сорлап, соның сорын кешіп жүр ме?
Қазақ-қырғызға ортақ тұлға деуге тұратын Шоқан Уәлихановтың еңбектерін де еш қылып жатқан көрінесіздер.
Шоқан Қашқарға сапарлап бара жатып қырғыздар туралы жазса, ол қандай да болсын соңына ғылыми деректер мен мол мағлұматтар қалдырды. «… Сол түні Борсық би өзінің сегіз жалмауыз ұлымен қырғыздардан жылқы ұрлап жүрді» дейді Шоқан («Жоңғария очерктері», Ш. Уәлиханов), ал, бұл кезде қазақ та ат үстінде барымталатып-сырымталатып түн кезіп жүрген. Өтірік пе? Оның үстіне жаулаушы елдерден шыққан ғылыми-экспедициялардың Шоқан сияқты офицерлері жергілікті халықтың тұрмысын қораш көрсетіп, шенеп-мінеп жазуға мәжбүр болған.
Сол Шоқан еді ғой, қырғыздың ұлы дастаны – «Манас» жырын ел аузынан жазып алып, ғылми айналымға салған. «Манас жырын» қағазға түсірген алғашқы адам мен шығармын» деп жазады Шоқан Шыңғысұлы әлгі «Жоғария очерктері» атты жолжазба еңбегінде.
Біз Шыңғыс Айтыматов ағамызды кереметтей жақсы көріп, құрмет тұтамыз. Шет елдік жазушылардың әйгілі шығармаларын оқып отырып, «мұндай шығарманы біздің Шыңғыс ағамыз да жазған, тіпті асыра жазған» деп, мақтанамыз. Ал, Шыңғыс Төреқұлұлын қолынан жетелеп отырып Еуропаға «аттандырған», өз заманының аузы уәлі қаламгерлерінің бірі Луи Арагондармен таныстырып, жолын ашқан Мұхтар Әуезов болатын.
Мұхаңның қазақ ішінде таланты тас жарған жазушы інілері болды. Бірақ Мұхаң Шыңғыс інісінің болашағына бәс тікті.
Шоқан ел аузынан ерінбей отырып жазып алып, ғылыми айналымға салған «Манас жырын» Мәскеуден бір топа ғалымсымақ келіп, «соттаймыз, «Манас» – ескіліктің жыры, буржузаияны дәріптейтін жыр» дегенде Алматыдан Бішкекке (ол кезде Фрунзе қаласы) арнайы ұшып барып «Манасты» қорғап қалған Мұхтар Әуезов – қазақтың ай маңдайлы ұлы болатын.
Қазақ мұның бірін қырғыз туғанына бұлдаған емес. Әлі де солай. Алайда, осындай бір нәзік қатынастар жөнінде еске алып қойсақ, бүгінгі күнде, сірә, артық етпейтін сияқты…
Мына заман от тілеп, өрт тілеп, қағынып тұр. Қырғыз ағайын, «тау мен тасты жел бұзарын, адамзатты сөз бұзарын» біз – екі халық жақсы білеміз. Сондықтан, елігіп-желігіп жүрген жастар мен шала тарихшысымақтардың қолтығына кім дым бүркіп отыр, неге бүркіп отыр, оған не керек – соны мықтап ойлайық та, арзан сөзден іргемізді аулақ ұстайық!
Пікір иесі: Дәурен Қуат


