Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болған даулы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облысының білім басқармасы мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде лицей ішінде түсірілген бейнежазба тараған болатын. Кадрлардан әйел адамның еден жуып жүрген қызметкердің су толы шелегін аяғымен теуіп жібергенін көруге болады. Желі қолданушылары әйелді оқу орны директорының жұбайы деп болжаған.
Әйелдің жеке басына қатысты ақпарат әзірге белгісіз. Білім басқармасы бұл сауалға жауап бермеді.
Сонымен қатар басқарма оқиғаның Ақтау қаласындағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болғанын растады. Қазіргі уақытта жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрған.
«Зерделеу барысында барлық тараптың түсініктемелері тыңдалып, жағдайға құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі. Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады», – делінген басқарма хабарламасында.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта аталған оқиғаға байланысты полицияға арыз түскені де айтылған.


