Фото: informburo.kz
Қазақстанда азаматтардың банктегі депозиттерінен алатын сыйақысына салық енгізілмейді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың депозиттерінен түсетін табысқа салық салынатыны туралы ақпарат қайтадан тарала бастаған. Алайда министрлік бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын, сондай-ақ Үкімет мұндай салықты енгізуді қарастырып отырмағанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды», – делінген ведомство түсіндірмесінде.
Сонымен қатар орталық азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, көрінеу жалған ақпаратты таратқандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Еске сала кетейік, банктік салымдардан түсетін сыйақыға 5 пайыз салық енгізілетіні туралы ақпарат осы жылдың тамыз айында да тараған болатын. Сол кезде де Ұлттық экономика министрлігі қолданыстағы норманы өзгерту жоспарда жоқ екенін мәлімдеген.


