Екібастұзда тұрғын үй ауласында болған жол-көлік оқиғасынан алты жастағы бала қаза тапты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қайғылы жағдай 19 қыркүйек күні шамамен сағат 18:30-да болған. Алдын ала мәлімет бойынша, аула ішінде жүрген баланы жеңіл көлік қағып кеткен. Оқиға фактісін Павлодар облысының полиция департаменті растады.
Құзырлы органның мәліметінше, бала өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір полицейлер апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Марқұмның туыстарының айтуынша, көлік тізгінінде қыз болған. Олардың сөзінше, жүргізуші аулада жасанды жол кедергісі болғанына қарамастан, көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізген. Кей мәлімет бойынша, күдікті ұсталған.
Полиция тұрғындарды жол ережесін сақтап, әсіресе тұрғын үй аулалары мен адам көп жүретін жерлерде жылдамдықты асырмауға шақырды.
