Ұлттық қордың активтерін толықтырудың екі негізгі көзі бар. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Вице-министрдің сөзінше, бірінші әрі негізгі көз – шикізат секторынан, соның ішінде мұнай саласынан түсетін салықтар. Ал екінші көз – Ұлттық қор активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс.
«Біріншісі – шикізат секторының салықтары, яғни мұнай секторынан түсетін қаражаттың барлығы Ұлттық қорға түседі. Екіншісі – Ұлттық банктің осы активтерді дұрыс басқарып, барынша көп кіріс табуы. Қаражат түсетін екі көз осы», – деді Әмрин.
Оның мәліметінше, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд доллар, ал 2029 жылы 70,6 млрд доллар деңгейіне жетеді деп болжанып отыр.
Сонымен қатар вице-министр Ұлттық қор қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу жоспары сәл кешігуі мүмкін екенін айтты.


