«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында тағы бір лауазымды қызметкердің ұсталғаны расталды. Оған қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат порталы.
«Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қор департаменттерінің бірінің қызметкерін ұстау оның бұрынғы еңбек қызметіне байланысты мән-жайларға қатысты және қазіргі лауазымдық міндеттерін орындауына қатысы жоқ», – деп мәлімдеді қор өкілдері.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті де аталған қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.
Еске сала кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған болатын.
