Фото: жасанды интеллект, коллаж
Өзбекстанның Қашқадария облысының Қамашы ауданында адам шошырлық оқиға орын алды: ұзақ жылдар бойы енесінен қорлық көрген келін өз-өзіне қол салған. Тергеу органдары оны осы күйге жеткізген енесі екенін дәлелдеп, әйелді бес жылға соттады, деп жазады Daryo.uz басылымына сілтеме жасаған Muztaumedia.kz.
Іс материалына сенсек, марқұм үш жыл бойы енесінен қорлық көрген екен. Күйеуі Ташкент қаласында жұмыс істейтін келіншек енесімен бірге ауданда өмір сүрген. Отбасын сақтау үшін жас келін көп қиындыққа шыдаған екен.
«Енесі ұлы мен келінінің ақшасын толықтай өзі ұстаған. Өзі мектепте тазалықшы болып жұмыс істеген, бірақ іс жүзінде мектептің еденін келініне жуғызған. Үйге келгенде «ұлымның теңі сен емес, мені тыңдамасаң, ажырастырып, басқа әйел алып беремін» дейтін. Ең сорақысы, ол келінінің телефонын да тартып алып, әке-шешесіне сөйлестірмеген. Келіні енесінің телефонымен ғана жақындарымен байланысқан. Әңгіменің бәрін енесі естіп тұратын», — деп жазады дереккөз.
Тергеу органдары нақты бір оқиғаны мысалға алған. Яғни, 2025 жылдың 30 мамыры күні келіні оқуына дайындалып отырып, бөлмесінде ұйықтап қалған екен. Оны енесі көріп, «түске дейін ұйықтадың» деп сабаған және үйінен қуып шыққан. Ұлына хабарласып, «әйелің таңғы 07.30-ға дейін ұйықтады» деп шағымданған.
«Тағы бір күні келіні тамақ істеп жатып байқамай миксерді сындырып алған екен. Енесі тағы да шу шығарып, құдаларына хабарласып, жаңа миксер әкеп берулерін талап еткен. Ақыры келіннің бауыры жаңа миксер мен оның алдында сынған жаңа ыдысты әкеп берген», — деп хабарлайды өзбекстандық басылымдар.
Осы оқиғадан кейін бір күн өте үйде үлкен дау болған: есіктің алдындағы суға кішкентай баласын жуындырмақ болған келін енесінен тағы да таяқ жеген. Енесі суға түсірердің алдында елегеннің астына кілем қоймадың деп келінін таяқ астынан алған.
«Дәл осы таяқтан кейін ғана келін жергілікті полицияға хабарласқан. Ол уақытша өз ата-анасының үйіне барғысы келетінін айтып, полицейге «енесінің үйіне кіріп, киімін алып шығуды» өтінген. Полиция әйелдің өтініші бойынша құжат та толтырған», — деп жазады басылым.
Осы оқиғадан кейін оның күйеуі Ташкенттен келіп, шешесінің қарсылығына қарамастан, әйелін алып кеткен екен.
«Бірақ, 2025 жылдың 28 шілдесі күні енесі келінін аяусыз ұрған. Жас келіншек дәл сол күні өз-өзіне қол жұмсаған. Сондықтан, сот енесі марқұмға ұзақ уақыт қорлық көрсеткенін және келіншектің өмірден түңіліп, суицидке барғанын дәлелдеген. Осылайша, енесін бес жылға соттады», — деп хабарлайды басылым.
