Әзербайжан астанасы Бакуде 23 жастағы суретші Гуляра Мехдиева қаза тапты. Оны өлтірді деген күдікпен 18 жастағы туған інісі Айхан Мехдиев ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға әлеуметтік желідегі суреттерге байланысты туындаған жанжалдан кейін болған, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Оқиға 16 қараша күні сағат 14:30 шамасында Бакудің Бинагади ауданындағы 9-шағынауданда, Гамза Бабашов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болған. Сол сәтте ата-анасы үйде болмаған, пәтерде тек балалар қалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Айхан сабақтан келген соң әпкесімен әлеуметтік желідегі жарияланымдарына қатысты сөзге келіскен. Жас жігіт Гуляраның парақшасындағы ашық фотосуреттерді көріп, олардың астына бейтаныс ер адамдардың пікір қалдырғанына наразы болған. Ол әпкесінен суреттерді бірден өшіруді талап еткен.

Алайда қыз інісінің талабына көнбеген. Осыдан кейін олардың арасындағы келіспеушілік жанжалға ұласып, күдікті әпкесіне пышақпен шабуыл жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Гуляраға жүрек тұсы мен мойнынан үш рет соққы жасаған.

Қыздың айқайын естіген көршілері пәтерге көмекке келіп, жедел жәрдем шақырған. Гуляра ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Күдікті туралы не белгілі?

Айхан мен Гуляраның әкесі бір болғанымен, аналары бөлек. Екеуі бір шаңырақ астында тұрған. Полиция күдіктіні оқиға орнында ұстаған. Алғашқы жауап алу кезінде ол бұл әрекетке қызғаныштан барғанын айтқан.

Әзербайжандық БАҚ мәліметінше, Айхан Мехдиев Әзербайжан мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясының Денсаулық және менеджмент факультетінде оқиды. Ол – екінші курс студенті. Оқиға болған күні таңертең сабаққа қатысып, одан кейін үйіне оралған.

Отбасы туралы деректер

Гуляра 2003 жылы дүниеге келген. Ол үш жасқа толған кезде, 2006 жылы анасы отбасынан кеткен. Содан кейін қыз әкесінің қолында тәрбиеленген. 2007 жылы әкесі Аға Мехдиев екінші рет үйленіп, бұл некеден төрт бала дүниеге келген. Айхан – осы отбасындағы тұңғыш бала.

БАҚ дерегінше, отбасындағы кенже бала ауыр науқасқа шалдыққан және төсекке таңылған. Әкесінің екінші әйелі Гуляраны өз қызындай қабылдап, бес баланы бірге тәрбиелеген.

Гуляра Мехдиева сурет салумен айналысқан. Оның өліміне байланысты Бинагади аудандық прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Share.
Exit mobile version