Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының мамандарына алғыс білдіріп, биылғы егін жинау науқанының қорытындысына тоқталды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.   

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетін арттырып, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олар ата кәсіпті абыроймен жалғастырып, халықтың игілігі үшін еңбек етіп жүр.

Мемлекет басшысы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биыл елімізде мол астық жиналғанын атап өтті. Күзгі жиын-терін қорытындысы бойынша Қазақстанда 24,5 миллион тонна дақыл қамбаға құйылған.

«Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.

Share.
Exit mobile version