«Ауыл аманаты» бағдарламасы әлі де кеңейте түсу қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
— Тағы бір маңызды мәселе — ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әрине, бұл — жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе — сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлде де кеңейте түсу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айтқанын еске салды.
— Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушілерге бірдей қолжетімді болуға тиіс, — деді Президент.
