Алматыда «жол бермеді» деген себеппен жүргізушіні қуып жетіп, соққыға жыққан адамның аты-жөні анықталды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жүргізушілер арасында болған жол жанжалы түсірілген бейнежазба анықталған.
Жарияланған бейнекадрларда жанжалға қатысушылардың бірі екінші жүргізушіге күш қолданғаны көрінеді. Кадрларда ер адамның жүргізушіні бірнеше рет ұрғаны байқалады. Салдарынан жәбірленуші есінен танып қалған.
Полиция бұл факті бойынша дереу сотқа дейінгі тергеу бастаған.
«Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның такси жүргізушісі жол бермегеннен кейін оны қуып жетіп, «есеп айырысуға» шешім қабылдаған.
Сондай-ақ күдіктінің аты-жөні Вадим Петенев екені, оның 59 жастағы жүргізуші екені хабарланды.
Оның әрекетіне қандай құқықтық баға берілетіні жәбірленушіге жүргізілетін сот-медициналық сараптаманың қорытындысына байланысты болады.
Полиция жолдағы кез келген жанжалдың тек заң аясында шешілуі керектігін еске салды. Жол қозғалысына қатысушыларға күш қолдану заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Осы оқиғаға қатысты әлеуметтік желі қолданушылары да түрлі пікір білдіруде. Көпшілік жолдағы болмашы түсініспеушіліктің соңы төбелеске ұласқанына алаңдаушылық білдіріп, жанжал кезінде күш қолдануға жол бермеу керектігін жазды.


