Сарапшы Айбар Олжаев AI & Digital Bridge форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөздеріне талдау жасады. Ол өз материалында Қазақстанның технологиялық дамуындағы үш маңызды мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Айбар Олжаевтың жазуынша, олардың қатарында Дональд Трамптың бастамасымен жасалған Суперинтеллект туралы келісім, Қазақстанның 1 миллиард доллардан асқан IT-қызметтер экспорты және отандық цифрлық шешімдердің әлемнің 100-ден астам елінде қолжетімді болуы бар.
«Осы үшеуі технологиялық дамудың ауқымын да, оған жүктелетін жауапкершілікті де көрсетеді», – деп жазды сарапшы.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық жетекші технологиялық компаниялардың Трамптың бастамасымен Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанына тоқталғанын атап өтті.
Айбар Олжаевтың жазуынша, Мемлекет басшысы мүдделі елдер бұл тәсілді мұқият зерделеп, оны жаһандық деңгейде қолдану мүмкіндігін қарастыра алатынын айтқан. Сарапшының пікірінше, мұнда жасанды интеллектінің мүмкіндігі артқан сайын, оны дамытуға қойылатын жауапкершіліктің де күшейетіні туралы ұстаным маңызды.
«Технологияның жылдамдығына қызығумен қатар, оның қандай қағидалармен жұмыс істейтінін де келісу қажет», – деп жазды Айбар Олжаев.
Сарапшы Қазақстан үшін бұл мәселенің практикалық мәні бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, еліміз халықаралық технология нарығына өз өнімдерін ұсынып келеді.
Айбар Олжаев Президенттің Қазақстандағы IT-қызметтер экспорты туралы айтқан сөзін де келтірді.
«Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшының жазуынша, аталған көрсеткіштің артында мамандардың білімі, инженерлердің еңбегі және кәсіпкерлердің тәуекелі тұр.
«Шетелдік тапсырыс беруші қазақстандық команданың қызметіне ақша төлесе, демек, біздің маман оның мәселесін шеше алған. Білімнің экономикалық құны осылай қалыптасады. Ол экспорттық түсімге, жалақыға, бизнестің өсу мүмкіндігіне айналады», – деп жазды Айбар Олжаев.
Ол цифрлық шешімдердің 100-ден астам елде қолжетімді болуы қазақстандық технологиялардың халықаралық нарыққа шыға алғанын көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар сарапшы бұл көрсеткіш барлық нарықта қазақстандық өнімдер толық орнықты дегенді білдірмейтінін жазды. Оның пікірінше, ендігі міндет – қолжетімді нарықтарды тұрақты сұраныс пен ұзақмерзімді келісімшарттарға айналдыру.
Айбар Олжаев өз материалында Президенттің стартаптарға нақты қолдау көрсету туралы ұсынысына да тоқталды. Оның жазуынша, өнеркәсіптің қажеттіліктеріне негізделген міндеттер тізімін жасап, соған сай AI Challenge өткізу маңызды.
«Команда нақты өндірістік мәселені шешіп, жобасы кәсіпорынға енгізілсе, оның келесі тапсырыс берушіге ұсынатын дәлелденген тәжірибесі болады», – деп жазды сарапшы.


