Әнші Төреғали Төреәлінің әйелі жетінші жүктілігі туралы айтып, сол кезеңде басынан өткерген қиындықтарымен бөлісті. Оның сөзінше, жүктілігі медициналық тұрғыдан жоғары қауіппен өткен, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұған төртінші рет кесарь тілігі жасалуы, жүктіліктер арасындағы уақыттың қысқалығы және үш ұлының шала тууы себеп болған.
«Өмірімде болған бір ғажайыппен бөліскім келіп отыр. Мәриямға жүкті екенімді білген сәттен бастап менде қорқыныш пен уайым көбейді. Медициналық тұрғыда қауіп өте үлкен еді. Бұл төртінші кесір тілігі, кішкентайымның арасы тым жақын, оның үстіне үш ұлым да шала туған. Осының бәрін ойлаған сайын аналық жүрегім алаңдай беретін. Бірақ жүрегімде бір ғана ой тұрды: «Алла қателеспейді»», – деді ол.
Жүктілік кезінде әйел жолдасына уайымының басым болып кеткенін айтып, ішкі тыныштық қажет екенін жеткізген. Осыдан кейін Төреғали екеуіне 40 күн бойы тахаджуд намазына тұрып, Алладан балақайының аман-есен дүниеге келуін тілеуді ұсынған.
«Содан Төрем «40 күн тахаджудке тұрып, Алладан сұрайық» деді. Содан екеуміз Астананың аязында, күнде сағат 3-те тұрып, 40 күн бойы мешітке барып, тахаджуд намазын оқыдық. «Я Алла, баламызды аман-есен ай-күніне жеткізіп, дүниеге әкелуді нәсіп етші» деп тіледік», – деп еске алды ол.
Айтуынша, нәтижесінде Мәриям дәрігерлерді де таңғалдырған. Сәби ай-күніне жетіп, аман-есен дүниеге келген.
«Ал Мәриямымыз дәрігерлердің өзін таңғалдырып, ай-күніне жетіп, аман-есен дүниеге келді. Төремнің төбесі көкке бір елі жетпей қалды», – деді әншінің әйелі.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға тебіреніп, отбасыға ізгі тілектерін білдірді.


