«Біздің аудан бойынша өзі екі-ақ қазақ тілді мектеп бар. Баламыз қазақ тілді мектепке оқиды деп Медеу ауданындағы №220 мектептен шығарып, осы мектепке орналастырдық. Мектебіміздің аралас болуына қарсымыз», – деп жазды тұрғын.
Аталған мәселеге байланысты Алматы қаласы Білім басқармасы ресми түсініктеме берді.
«№227 мектеп бастапқыда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ретінде ашылған. Мектептің оқыту тілі оның Жарғысы мен тиісті ресми құжаттарында нақты белгіленген. Қазіргі уақытта №227 мектепті аралас оқыту форматына ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Мектеп мемлекеттік тілде білім беруді жалғастырады. Ата-аналарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», – делінген басқарма жауабында.
Айта кетейік, соңғы уақытта Алматыдағы жаңа мектептердің оқыту тіліне қатысты мәселелер қоғамда қызу талқыланып келеді.
Былтыр қаладағы №224 мектеп төңірегінде де дау туындаған болатын. Тұрғындар мен ата-аналар бастапқыда қазақ тілінде білім беретін мектеп ретінде жоспарланған білім ордасының аралас мектеп болып ашылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп, бірнеше рет әкімдікке жиналды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, мектептің қазақ тілінде білім беруін сақтап қалуды сұраған.


