Алматыда өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігі мен Toyota Camry автокөлігі жол апатына ұшырады. Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Алматы ПД мәліметінше, жол-көлік оқиғасы өткен түні сағат 00:40 шамасында Тимирязев пен Әуезов көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндіру қызметінің көлігі шақыртуға бара жатқан. Арнайы көлікте жарық және дыбыс сигналдары қосулы болған. Қиылыстан өту кезінде ол Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Дәрігерлер оны аман алып қалуға тырысқанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ал өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Алматы ПД Анықтау басқармасы адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегімен қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері апаттың себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.


