Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайтыс болуына байланысты бірқатар жауапты тұлға қызметінен босатылды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Университет басшылығының шешімімен тәрбие жұмысына жауапты Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы атқаратын қызметтерінен босатылған.
Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет әкімшілігі студенттің қазасын орны толмас қайғы деп атап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ оқу орны марқұмның отбасымен байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қайғылы жағдайдан кейін университеттің барлық жатақханаларында кешкі бақылау күшейтілген. Бұдан бөлек, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бағытында қосымша шаралар қолға алынған.
«Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі», – делінген ресми мәлімдемеде.
Сондай-ақ университет ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты әзірге жариялай алмайтынын мәлімдеді. Оқу орны алдағы уақытта оқиғаға қатысты жаңалықтарды қоғамға ашық жеткізуге уәде берді.


