Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Хатуна Алиева Жаңашар ауылының әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін өз бағдарламасының негізгі бағыттары ретінде белгілеген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Хатуна Әлисултанқызы Алиева 1983 жылы 2 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданының Қарасай ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Жаңашар ауылында тұрады. 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін психология мамандығы бойынша тәмамдаған.
2019 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қарасай ауылында «Береке» дүкенін ашып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Кандидаттың айтуынша, ауыл өмірімен етене таныс болуы тұрғындардың күнделікті мәселелерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Ол қоғамдық өмірге белсенді араласып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назарда ұстауды маңызды санайды.
Ауыл инфрақұрылымы мен абаттандыру – басым бағыт
Хатуна Алиеваның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі – Жаңашардың инфрақұрылымын жақсарту. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу, ауыл аумағының тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар шағын кәсіпкерлікті дамытуға да басымдық берілген. Кандидат жеке ісін бастағысы келетін тұрғындарға кеңес беріп, кәсіп ашу жолындағы мүмкіндіктерді түсіндіруге және қолдау тетіктерін пайдалануға көмектесуді көздейді.
Білім мен медицина саласына да назар аудармақ
Бағдарламада әлеуметтік мәселелер де қамтылған. Хатуна Алиева ауылдағы мектептің, балабақшаның және медициналық пункттің жұмысын жақсартуға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, жастардың бастамаларын қолдау, олардың дамуына мүмкіндік жасау және ауыл ардагерлеріне құрмет көрсету мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Кандидат халықпен тұрақты байланыс орнатуды жұмысының маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Оның жоспары бойынша, әр тұрғынның өтініші тыңдалып, өзекті мәселелерді жергілікті деңгейде бірлесіп шешу жолдары қарастырылмақ.
Хатуна Алиеваның пайымынша, ауылдың дамуы тек инфрақұрылымға емес, тұрғындардың белсенділігі мен ортақ іске атсалысуына да байланысты. Сондықтан оның бағдарламасында абаттандыру, кәсіпкерлік, әлеуметтік қолдау және халықпен ашық байланыс негізгі орынға қойылған.
Дайындаған: Х.Алиева
Тапсырыс беруші: Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатына кандидат Х. Алиева
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді


