Франция астанасы Парижде президент Эммануэль Макрон мен Словакия басшысы Петер Пеллегринидің ресми кездесуі кезінде қарауыл гвардияшысы есінен танып, құлап қалды. Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде кеңінен тарады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
CBS News мәліметінше, жағдай 11 қарашада Петер Пеллегринидің Елисей сарайына ресми сапары кезінде болған.
Видеодан гвардияшының аяқ астынан құлап қалғанын көруге болады. Мұны байқаған Эммануэль Макрон мен сарай қызметкерлері оның жанына барған. Кейін күзетшіні оқиға орнынан алып кеткен. Осыдан соң ғана Франция президенті словакиялық әріптесімен амандасқан.
Әзірге гвардияшының неліктен құлағаны және қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиға видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар күзетшінің денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Көпшілік оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.
Сондай-ақ кейбір желі қолданушылары бірнеше сағат бойы қимылсыз тұрып, күзет қызметін атқарудың оңай емес екенін жазды. Әскерде қызмет еткендердің бірі мұндай жағдайды өзі де бастан өткергенін айтқан.


