Қазақстан ғылымға бұрынғыдан көбірек қаржы бөліп жатыр. Жас ғалымдарға гранттар беріліп, шетелдік тағылымдамалар ұйымдастырылып, ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге арналған жаңа тетіктер іске қосылуда. Зерттеушілер саны да артып келеді. Бірақ қоғам үшін ең маңызды сұрақ әлі де өзекті: ғылымға салынған миллиардтардың нақты қайтарымы қандай? Аталған сұраққа физика ғалым, PhD докторы Нұрлан Амангелдиев жауап берді. Ғылымның өндірісте қолданылмауының басты себебі анықталды, деп жазады Muztaumedia.kz.
Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2023–2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе ұлғайып, 643 миллиард теңгеге жетті. Ал 2024–2026 жылдарға ғылымға шамамен 730 миллиард теңге қарастырылған.
Ғылымға бөлінген қаражат тек ірі мемлекеттік бағдарламалармен шектеліп отырған жоқ. Мәселен, Алматыда алғаш рет ғылыми жобаларға арналған арнайы байқау ұйымдастырылып, 23 жобаға жалпы 348 миллион теңге грант бөлінді. Байқауға 229 өтінім түсіп, олардың арасынан экология, сейсмикалық қауіпсіздік, көлік, цифрлық технология және денсаулық сақтау салаларындағы жобалар іріктелді. Бұл – ғылымды өңірлік деңгейде қолдаудың жаңа қадамдарының бірі.
Ғалымдар бүгін қандай мәселелерді шешіп жатыр?
Қазақстандық зерттеушілердің назарында қоғамды алаңдататын ең өзекті мәселелер тұр. Ауаның ластануы, су тапшылығы, жер сілкінісі қаупі, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика және жасанды интеллект – ғылым үшін стратегиялық бағыттарға айналып келеді.
— Бізде ғылым 10 этаптан тұрады десек, ғалымдардың жұмысы орта жолда қалады. Оның басты себебі, гранттар бөлінеді, бірақ ол ақша құрал сатып алудан аспайды. Ғылмының нәтижесі үшінші немесе төртінші этаппен аяқталады. Мысалы, грантты жоба арқылы ұтып алды. Оның үш жыл зерттейді. Есебін береді, қаржылық және құжаттық есеп жабылады. Сонымен ғылыми жаңалық өндіріске жетпей құжаттық негізде аяқталады. Ал Жапонияда, Оңтүстік Кореяда ол ғылыми жаңалықтар өндірісте қолданылады. Барлық этаптардан өтіп, соңына дейін жеткізіледі, -деді ғалым.
Мәселен, ғалымдар экологиялық мониторинг жүйелерін, зиянды қалдықтарды тазарту технологияларын және су мен топырақтың сапасын цифрлық бақылау құралдарын әзірлеуде. Алматыдағы грант алған жобалардың арасында жер сілкінісін ерте анықтау, автокөлік пен өндірістен шығатын қалдықтарды азайту, жол қозғалысын интеллектуалды басқару сияқты нақты бастамалардың болуы ғылымның күнделікті өмірдегі мәселелерге бет бұра бастағанын көрсетеді.
Жасанды интеллект те зертханалардағы тәжірибеден экономиканың нақты секторына қарай жылжып келеді. Ғалымдар оны медицинадағы диагностикаға, көлік ағындарын басқаруға, өндірісті автоматтандыруға және үлкен деректерді сараптауға қолданудың жолдарын іздеуде.
Қазақстанда ғылыми әлеует те өсіп келеді. 2025 жылға қарай зерттеушілер саны 28 мыңнан асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Жас ғалымдардың үлесі 48 пайызға дейін өскен.
Ғалымға грант беру жеткілікті ме?
Мәселе дәл осы жерде басталады. Ғалымға зерттеу жүргізуге ақша бөлу – жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Ғылыми идеяның нақты өнімге айналуы үшін тәжірибелік алаң, заманауи құрал-жабдық, өндірістік серіктес және инвестор қажет.
Қазақстанда осы бағытта ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған жобалар қаржыландырылып келеді. 2025–2027 жылдарға ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға 26,8 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылып отыр. «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жыл сайын жүздеген, ал жалпы алғанда мыңдаған зерттеушіге ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін гранттар бөлінеді. Ғалымдардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту бағдарламалары да жұмыс істейді. 2021–2025 жылдары 1 543 қазақстандық ғалым шетелде ғылыми тағылымдамадан өткен.
— Ғалымдар шетелге жіберіледі, көреді. Тәжірибе алмасады. Бірақ біздегі ғылымның деңгейі шетелдік баспаға мақала шығарып, сапарға барудан ғылым дамып кетпейді. Мемлекет қолдап жатыр, бізге өндіріс орындарының қолдауы да маңызды, керек, — деді PhD докторы.
Басты мәселе – зерттеуден нарыққа дейінгі жол
Қазақстан ғылымындағы ең үлкен мәселенің бірі – жақсы идеяның зертхана қабырғасынан шыға алмай қалуы. Ғылыми мақала жазылады, тәжірибе жасалады, жоба аяқталады. Бірақ сол жаңалық ертең зауытта қолданыла ма, нарыққа шыға ма, қарапайым адамның өмірін өзгерте ме? Мәселе – осыда.
Соңғы жылдары бұл бағытта да қозғалыс бар. Мемлекет ғылыми жобаларды жыл сайынғы гранттық қаржыландыруға көшіріп, коммерцияландыру тетіктерін кеңейтіп жатыр. Ғылым қоры ғылыми жобаларды акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубация және венчурлік қаржыландыру бағытындағы жаңа міндеттерге ие болды.
Алайда ғылымнан нәтиже талап еткенде, ғалымды есеп пен қағазбастылықтың арасында қалдырмау да маңызды. Өнертабысқа патент алу, оны сынақтан өткізу, өндіріске енгізу және инвестор табу – ғалым жалғыз атқаратын жұмыс болмауы тиіс.
Ғылымға салынған қаржының шынайы нәтижесі грант саны немесе өткізілген конференциямен өлшенбеуі керек. Оның өлшемі – жаңа дәрі, отандық технология, таза өндіріс, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы немесе халықтың өмірін жеңілдететін цифрлық шешім.
Қазақстан ғылымы қазір жаңа кезеңге қадам басып отыр. Қаржыландыру көлемі өсуде, жас зерттеушілердің қатары көбейіп келеді, өңірлер де ғылыми жобаларды қолдауға кірісе бастады. Алматыдағы 348 миллион теңгеге қолдау тапқан 23 жоба – осы өзгерістің бір ғана мысалы.
Ендігі басты міндет – ғылымды қаржыландырудан оның нақты нәтижесін көруге көшу. Өйткені ғалымның еңбегі ғылыми есептің соңғы бетінде емес, қоғамның өмірінде көрінгенде ғана ғылымға салынған инвестицияның шын мәніндегі қайтарымы болады.


