Қазақстан футболының ардагері, бұрынғы футболшы, белгілі төреші әрі жаттықтырушы Николай Дрютов 81 жасында өмірден өтті. Ол 2026 жылғы 17 қарашада дүниеден озды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қайғылы хабарды Қазақстан футбол федерациясы жариялады. Федерация марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ оны білетін барша жанға көңіл айтты.
«Николай Семеновичтің өмір жолы – спортқа, өз ісіне адалдықтың және өскелең ұрпаққа деген шынайы қамқорлықтың үлгісі. Оның есімі Астана және бүкіл Қазақстан футболының тарихында мәңгі қалады», – делінген федерация хабарламасында.
Николай Дрютов Воронеж облысында дүниеге келгенімен, оның өмірі мен кәсіби қызметі Астанамен тығыз байланысты болды. Ол Целиноград қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Локомотив» спорт мектебін тәмамдап, жергілікті «Динамо» командасында шабуылшы ретінде өнер көрсеткен.
Кейін Астанада спорт және дене шынықтыру комитетін басқарып, қалалық спорт департаментінде түрлі басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ астаналық «Жеңіс» футбол клубының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.


