18–24 қараша аралығында Микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы хабардарлықты арттырудың дүниежүзілік апталығы өтеді.
Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы сарапшы, PhD, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелееваның пікірінше, антибиотиктерге төзімділік бүгінде тек медицина саласының ғана емес, ауыл шаруашылығының, тамақ өнеркәсібінің және әрбір тұтынушының мәселесіне айналып отыр. Біз антибиотиктерді өзіміздің қалай қабылдайтынымызды қадағалай аламыз, алайда олардың мал шаруашылығында қалай қолданылатынын көбіне білмейміз. Ал бұл дастарқанымыздағы азық-түліктің қауіпсіздігіне тікелей қатысты.
Қазақстан үшін бұл тақырыпты талқылауға нақты себеп те бар. 2026 жылғы қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жануарлардан алынатын өнімдердегі ветеринариялық препараттардың қалдықтарын бақылауға қатысты жаңа талаптарына көшу кезеңі аяқталды. Антибиотиктерді ғана емес, жалпы 75 ветеринариялық дәрілік затты қамтитын қалдықтардың шекті рұқсат етілген деңгейлері белгіленді.
Жануарларға антибиотиктер не үшін беріледі?
Сарапшының айтуынша, ветеринарияда антибиотиктер бактериялық ауруларды емдеу үшін, ал кейбір жағдайларда инфекциялардың таралуын бақылау мақсатында қолданылады. Жануардың антибиотикпен емделуі оның еті немесе сүті міндетті түрде қауіпті болады дегенді білдірмейді.
Ең бастысы – препараттарды ветеринариялық көрсетілімдерге сәйкес қолдану және күту мерзімін сақтау. Бұл – емдеу аяқталғаннан кейін жануардан алынатын өнімді тағам ретінде пайдалануға дейін өтуі тиіс уақыт.
«Егер осы талаптар сақталмаса, өнімдегі дәрілік препарат қалдықтарының мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кетуі мүмкін. Сондықтан бақылау фермада басталуы тиіс. Қызметкерлер жануардың қандай препаратпен және қашан емделгенін білуі, содан кейін өнімді белгіленген зертханалық әдістермен тексеруі қажет», – деп түсіндіреді Аутелеева.
Оның айтуынша, адамдар мен жануарларға антибиотиктерді ұтымсыз қолдану төзімді бактериялардың іріктеліп, көбеюіне ықпал етеді. Мұндай бактериялар жануарлар, адамдар және қоршаған орта арасында, соның ішінде азық-түлік тізбегі арқылы таралуы мүмкін.
Алайда өнімнен дәрілік препарат қалдықтарының анықталуы оны тұтынған адамда міндетті түрде антибиотиктерге төзімділік қалыптасады дегенді білдірмейді. Тәуекелді бағалау үшін нақты заттың түрі, оның мөлшері және басқа да жағдайлар маңызды.
Азық-түлік өнімдеріндегі антибиотиктер қалай бақыланады?
Лаура Аутелееваның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық бағдарлардың бірі – Codex Alimentarius. Бұл – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) бірлескен бағдарламасы аясында әзірленетін азық-түлік стандарттарының жүйесі.
Ветеринариялық дәрілік препараттар үшін қалдықтардың шекті рұқсат етілген деңгейлері – MRL (Maximum Residue Limits) қолданылады. Олар тұтынушы үшін қауіпсіздікке ғылыми баға беру негізінде белгіленеді.
Еуропалық одақта ветеринариялық препараттарды қолдану және олардың қалдықтарының рұқсат етілген мөлшері, атап айтқанда, № 470/2009 және № 37/2010 регламенттерімен реттеледі. Ал Еуразиялық экономикалық одақта азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне, соның ішінде ветеринариялық препараттардың қалдықтарына қатысты техникалық регламенттер мен санитариялық талаптар қолданылады.
«Codex Alimentarius ветеринариялық препараттар қалдықтарының шекті рұқсат етілген деңгейлерін тәуекелдерді ғылыми бағалау негізінде белгілейді. Сонымен қатар ЕАЭО-да олардың азық-түлік өнімдеріндегі мөлшеріне қатысты өзіндік талаптар бар», – деп түсіндіреді Лаура Аутелеева.
Қазақстан ЕАЭО техникалық регламенттерінің міндетті талаптарын қолданады, ал Codex Alimentarius стандарттарын халықаралық бағдар ретінде ескереді.
Препарат қалдықтарының анықталуы саудаға қалай әсер ететінін Еуропаның азық-түлік пен жемшөпке байланысты тәуекелдер туралы жедел хабарлау жүйесі – RASFF мысалынан көруге болады. Бұл жүйе арқылы қатысушы елдердің уәкілетті органдары анықталған қауіптер туралы ақпарат алмасады.
«Салыстырмалы зерттеуде антибиотик қалдықтарына қатысты RASFF жүйесінің 85 хабарламасы талданды. Қарастырылған жағдайларда шектеу енгізудің себептері қатарында тыйым салынған препараттар мен олардың метаболиттерінің анықталуы бар. Әсіресе нитрофурандар мен хлорамфениколға қатысты мәселелер жиі туындаған», – дейді сарапшы.
Зерттелген іріктемеде ең көп хабарлама жіберген елдер: Бельгия – 21, Германия – 12, Нидерланд – 11, Франция – 9 және Польша – 4. Бұл ретте хабарлама жіберген ел мен өнім өндірілген елдің бірдей болмауы мүмкін екенін ескеру қажет.
Осы хабарламаларда көрсетілген өнімдердің шыққан елдері арасында Үндістан мен Вьетнам жиі кездескен – әрқайсысы 18 жағдайдан.
Үндістаннан келген өнімдерге қатысты хабарламалар негізінен асшаяндар мен теңіз өнімдеріне, ал Вьетнам өнімдеріне қатысты хабарламалар балыққа, асшаяндарға және бақа аяқтарына байланысты болған.
Одан кейін Қытай – 6 жағдай (аналық ара сүті, прополис, теңіз өнімдері және тағамдық қоспалар), Украина – 5 жағдай (жұмыртқа, бал, құрғақ сүт және сарысу), Польша, Ұлыбритания және Чили – әрқайсысы 4 жағдайдан.
Польша мен Ұлыбританияға қатысты хабарламалар, соның ішінде ет пен жемшөпке, ал Чилиге қатысты хабарламалар албырт балығына байланысты болған.
Бұл көрсеткіштер сарапшы қарастырған 85 хабарламаға ғана қатысты. Олардың негізінде аталған елдердің барлық өнімдерінің қауіпсіздігі немесе Қазақстанда сатылатын азық-түліктегі антибиотик қалдықтарының таралу деңгейі туралы қорытынды жасауға болмайды.
Алайда бұл деректер халықаралық саудада ветеринариялық бақылау мен нақты өнім партиясының қауіпсіздігін растай алу мүмкіндігі неліктен маңызды екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін не маңызды?
Қазақстан үшін мал шаруашылығында антибиотиктерді ұтымды қолданудың маңызы ерекше. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету және экспортты кеңейту тиімді ветеринариялық-санитариялық бақылауды талап етеді.
Лаура Аутелееваның пікірінше, бұл бағыттағы жұмысты бірнеше бағытта жүргізу қажет.
«Ең алдымен жануарлар ауруларының алдын алу маңызды. Биологиялық қауіпсіздік шаралары, қажет болған жағдайда вакцинация жүргізу және жануарларды тиісті жағдайда ұстау антибиотиктерге деген қажеттілікті азайтуға көмектеседі. Егер емдеу қажет болса, ветеринариялық препараттар көрсетілімдерге сәйкес және белгіленген талаптарды сақтай отырып қолданылуы тиіс», – дейді сарапшы.
Тағы бір маңызды бағыт – зертханалық мониторинг. Ол азық-түлік өнімдеріндегі дәрілік препараттардың қалдықтарын анықтауға және олардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден аспайтынын тексеруге мүмкіндік береді.
«КО ТР 021/2011 „Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы“ техникалық регламентінде ветеринариялық дәрілік заттардың қалдықтарын бақылауға қатысты талаптар кеңейтілді. 75 препарат үшін рұқсат етілген деңгейлер белгіленді. Өтпелі кезең 2026 жылғы 10 қаңтарда аяқталды.
Жаңа талаптар регламентте көзделген жануарлардан алынатын өнімдердің түрлеріне, соның ішінде етке, сүтке, жұмыртқаға және акваөсіру өнімдеріне қолданылады», – деп түсіндіреді Аутелеева.
Өнімнің қадағалану мүмкіндігі де маңызды. Тиімді бақылау үшін өнімнің қайдан шыққаны, жануарлардың қалай емделгені және олардың қозғалысы туралы мәліметтер қажет.
Сатып алушы не істей алады?
«Сатып алушы еттің немесе сүттің құрамында антибиотик қалдықтары бар-жоғын түсіне, иісіне немесе дәміне қарап анықтай алмайды. Ол үшін зертханалық зерттеулер қажет. Сондай-ақ термиялық өңдеуді ветеринариялық препараттардың қалдықтарын жоюдың сенімді тәсілі деп қарастыруға болмайды», – деп атап өтеді Лаура Аутелеева.
Сондықтан сарапшы азық-түлікті ұйымдастырылған сауда орындарынан сатып алуға және өнімнің шыққан жері мен таңбалануына назар аударуға кеңес береді.
Базардан ет сатып алғанда сатушыдан ветеринариялық ілеспе құжаттарды және ветеринариялық-санитариялық сараптама актісін көрсетуді сұрауға болады.
Алайда бұл құжаттардың өзі сатып алушыға өнімдегі дәрілік препарат қалдықтарының мөлшерін өз бетінше бағалауға мүмкіндік бермейді. Бұл – зертханалық бақылаудың міндеті.


