Қазақстанда соңғы 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи мекеніне қайта оралды. 2026 жылғы 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында «Үміт» есімді амур жолбарысының аналығы жабайы табиғатқа жіберілді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство бұл оқиғаны тарихи сәт деп бағалады, себебі бұл – жолбарысты тарихи ареалына қайтару және оның популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы практикалық қадам.
«Үміт» амур жолбарысын табиғатқа жіберу – бұл жыртқышты өз тарихи мекеніне қайтару және оның популяциясын қалпына келтіру бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның алғашқы практикалық қадамы болды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
2026 жылдың мамыр айында Ресейдің Хабаровск өлкесінен «Іле-Балқаш» резерватына төрт амур жолбарысы әкелінген болатын. Экология министрлігі бұл аумақты қолайлы табиғи жағдайлары мен жеткілікті жемдік қорының арқасында Орталық Азияда жолбарыстар популяциясын қайта тірілтуге арналған ең келешегі бар аймақ деп атайды. Табиғатқа жіберілгеннен кейін барлық жолбарыс спутниктік GPS-қарғыбаулар арқылы ғалымдардың тұрақты бақылауында болады.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Көпшілік тұратын елді мекендерге жолбарыс 5 шақырымдай жақындаса, тұрғындарға ескерту жасайтын арнайы жүйе және ықтимал қақтығыстардың алдын алатын арнайы топ құрылды.
Айта кету керек, Ресейден әкелінген төрт жануардан бөлек, бұған дейін Нидерландыдан да екі жолбарыс жеткізілген еді. Алайда хайуанаттар бағында өскендіктен, олар табиғатқа жіберілмейді, тек өсіп-өну бағдарламасына қатысады.


