Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірген қоғам белсендісінің сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Threads желісінде белсендінің Каспий теңізінде қаза болған 14 әскери қызметші туралы пікір айтқан видеосы тарады. Ол сарбаздардың қазасын «керемет өлім» деп бағалаған.
«Мен естіген кезде «Аллаху Акбар» дедім ғой. Қандай керемет өлім дедім. Қандай керемет өлім. Себебі, сахабалар аңсаған өлім ғой, мұсылмандар жақсы біледі. Отанды қорғап жүріп, тем более суға батып өлген – енді потолок өлім. Ол – батыр», – деді қоғам белсендісі.
Белсендінің бұл сөзі Threads қолданушыларының наразылығын тудырды. Желіде оған қатысты түрлі пікір жазылып, кей қолданушылар оның сөзін сынады.
«Мына қараңғы жауапқа тартылсын!», «Барып өзің өл», «Осындайлар бәле болды», «Қазақстанда соғыс жоқ, қайдағы қорғап өлу?», «Сақалды надан» деген пікірлер жазылды.



