Бүгінгі бала бұрынғыдай тек теледидар көріп, кітап оқып өспейді. Оның әлемі – смартфон, әлеуметтік желі, қысқа бейнероликтер мен ойын платформалары. Сондықтан балаларға арналған ұлттық контент мәселесі – жай ғана мультфильм түсіру емес, ұлттың ертеңгі дүниетанымын қалыптастыру мәселесі өзекті, деп санайды Muztaumedia.kz сұхбат берген маман.
Қазақстанда бүгінде 6,9 миллионнан астам бала бар. Бұл – ел халқының шамамен 34 пайызын құрайды. Соңғы он жылда балалар саны 1,5 миллионға көбейді. Демек, балалардың сапалы білім алуымен қатар, олардың қандай ақпарат тұтынып, кімге еліктеп өсіп келе жатқанына да мемлекет пен қоғамның назар аударуы заңды. Балаларға түрлі танымдық роликтер, бағдарламалар түсірумен айналысатын Нұргүл Бірімжанованың ойы өзгеше. Режиссер бүгінде ондаған бағдарламалар түсірген. Өзі де төрт бала тәрбиелеп отыр.
«Бұл бағытта соңғы жылдары нақты жұмыстар қолға алына бастады. 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор белгіленді. Құжат балалардың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы және әлеуметтік қорғалуымен қатар, цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселесіне де басымдық береді», — деді маман.
Мәселенің өзектілігін интернеттегі жағдай анық көрсетеді. Зерттеулерге сәйкес, балалардың 46 пайыздан астамы интернетті 3–8 жасында қолдана бастайды, ал жоғары сынып оқушыларының 95 пайыздан астамы әлеуметтік желілерде тіркелген. Балалар ақпаратты тек қабылдаушы емес, сол ақпараттық ортаның белсенді қатысушысына айналды.
«Сондықтан ұлттық балалар контенті баланың қызығушылығына сай, заманауи әрі бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақ тіліндегі мультфильм, танымдық бағдарлама, аудиоертегі, балаларға арналған YouTube жобалары мен мобильді ойындар көбеймейінше, шетелдік контенттің ықпалы азая қоймайды», — деді ол.
Мамандардың ортақ пікірі де осыған саяды: баланы ұлттық құндылыққа тәрбиелеу үшін құр насихат жеткіліксіз. Қазіргі жас көрермен сапалы сценарийді, қызықты кейіпкерді және заманауи форматты талап етеді. Ұлттық контент тәрбиелік міндетті атқара отырып, ең алдымен баланың назарын аудара білуі тиіс.
Бұл жерде белсенді жастардың рөлі ерекше. Жастар тек дайын жобалардың көрермені болмай, балаларға арналған жаңа медиаөнімдердің авторына айналуы қажет. Жас аниматорларға, блогерлерге, журналистерге және IT-мамандарға мүмкіндік беру – ұлттық контентті дамытудың тиімді жолы.
Қазақстанның жетістігі – балалар саясаты мемлекеттік деңгейде жүйеленіп, бұл мәселеге кешенді көзқарастың қалыптаса бастауы. Ал басты кемшілік – сапалы қазақтілді цифрлық өнімнің әлі де жеткіліксіздігі және жас авторлардың бастамаларын тұрақты қолдау жүйесінің әлсіздігі деп санайды режиссер.
Бүгін балаға ұсынған контентіміз – ертеңгі қоғамның айнасы. Сондықтан ұлттық балалар контентіне жұмсалған қаржыны шығын емес, елдің интеллектуалдық әрі мәдени болашағына салынған инвестиция деп түсінетін уақыт жетті.


