Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаттығына «Respublica» партиясының мүшесі Тимур Наниев кандидат ретінде ұсынылды. Ол Жаңашар ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
1990 жылы 18 тамызда Есік қаласында дүниеге келген Тимур Наниев қазіргі уақытта Саймасай ауылында тұрады. Жаңашарды да өзінің туған өңірінің бір бөлігі санайтын кандидат жергілікті тұрғындардың мәселелерін жақсы білетінін айтады.
Ол 2009 жылы Алматы Қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжін аударма ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы Сүлейман Демирел атындағы университеттің дайындық курсынан өтіп, 2013 жылы «Тұран» университетінде менеджмент мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын кәсіпкерліктен бастаған. 2012 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейді. 2019–2026 жылдары «RT PHARM» ЖШС директоры қызметін атқарған. Ал 2020 жылдан бері «Берекелі Zher» ЖШС-ін басқарып келеді.
Кандидаттың пікірінше, кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесі ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, шағын бизнесті дамыту және жергілікті экономиканы нығайту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның негізгі бағыты – ауыл экономикасын дамыту
Тимур Наниевтің сайлауалды бағдарламасындағы басты басымдықтардың бірі – Жаңашарда кәсіпкерлікті дамыту. Ол ауыл тұрғындарына жеке ісін бастауға көмектесіп, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысу бойынша кеңес беруді көздейді.
Сондай-ақ ауылда сауда және қызмет көрсету орындарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындарды ашуға ықпал етуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жастардың қалаға көшуін азайтып, ауылда тұрақты табыс табуына жағдай жасау қажет.
Екінші маңызды бағыт – ауыл инфрақұрылымы. Кандидат көшелерді толық жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу, тротуарлар салу, ауыз су мен кәріз жүйесінің сапасын жақсарту мәселелерін көтермек. Сонымен қатар интернет сапасын арттыруға, балалар және спорт алаңдарын, демалыс орындарын салуға күш салатынын жеткізді.
Білім мен медицина да назардан тыс қалмайды
Бағдарламада білім беру және денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, Жаңашардағы мектеп пен балабақшаның жағдайын жақсарту, медициналық пункттің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ету және ауылға дәрігерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.
Бұдан бөлек, жастарға арналған спорт секцияларын ашу, жастар орталығының жұмысын жандандыру, талантты оқушылар мен спортшыларды қолдау жоспарланған.
Әлеуметтік бағытта ардагерлер мен зейнеткерлерге қолдау көрсету, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселелерін назарда ұстау көзделген.
Халықпен тұрақты байланыс орнатуға уәде берді
Тимур Наниев депутат болып сайланған жағдайда тұрғындармен ай сайын кездесіп, әр тоқсан сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылауға алуға және ауыл тұрғындарының ұсыныстарын жергілікті деңгейде көтеруге ниетті.
«Депутат болсаң, халықтың үстінен емес, халық үшін жұмыс істеу керек», – дейді кандидат.
Оның сөзінше, басты мақсат – Жаңашардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру. Бағдарламада кәсіпкерлік, инфрақұрылым, білім, медицина және әлеуметтік қолдау мәселелері негізгі орынға қойылған.
Дайындаған: Тимур Наниев
Тапсырыс беруші: Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатына кандидат Тимур Наниев
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді


