Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасалған оқиғадан кейін науқас баланың әкесі өз нұсқасын жариялады. Ол жанжалға не себеп болғанын айтып, медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатысты бірқатар шағымын жеткізді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Оқиға 31 қазанда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Балалар хирургі әрі онколог Қанат Измаилов пен науқастың әкесі арасында жанжал туындаған. Осы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған.
Оқиғаның видеосын жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде жариялады. Кейін өзін Шаншархан Абдухалим деп таныстырған азамат жанжалға дейін болған жағдайларды баяндап берді.
Ер адамның сөзінше, ол Жаңаөзен қаласының тұрғыны, үш баланың әкесі. Сегіз ай бұрын кенже баласын емдету мақсатында отбасымен Ақтауға қоныс аударған.
Оның айтуынша, 19 қазанда екінші баласының іші ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Жедел жәрдем қызметкерлері соқырішек қабынуы мүмкін деген күдікпен баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізген.
Алайда әкесі ауруханада баласына медициналық көмек көрсету ұзаққа созылғанын айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер баланың дене қызуын өлшеуге жарты сағаттан астам уақыт жұмсап, кейін ішін тексерген. Сол кезде баланың ішіне жел жиналғанын айтқан.
Әкесі қан талдауында лейкоцит деңгейі 21,5 болғанына қарамастан, баланы бірден ауруханаға жатқызбағанын жеткізді. Бастапқыда дәрігерлер үйіне қайтуға кеңес берген. Тек сағат 23:00 шамасында қайта талдау алынған соң ғана баланы стационарға қабылдаған.
«Менің балам түнімен 39 градус температурамен жатты. Таңертең сағат 08:30 шамасында басқа хирург келіп, ішін қарағаннан кейін бірден операция жасау керегін айтты. Балама операция жасалды, сәтті өтті. Аллаға шүкір, мен үшін ең бастысы – баламның амандығы», – деді ол.
Сондай-ақ ер адам операциядан кейін Қанат Измаиловтың кенже баласына қатысты дөрекі сөйлеп, отбасына қоқан-лоқы көрсеткенін кейін естігенін мәлімдеді.
31 қазанда баласының іші қайта ауырған соң, әкесі оны тағы да ауруханаға апарған. Сол жерде Қанат Измаиловпен қайта кездескен. Ер адамның айтуынша, дәрігер оған мысқылдап сөйлеген. Осы жағдайдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған.
Баланың отбасы алғашқы медициналық тексеру кезінде не себепті дұрыс диагноз қойылмағанын анықтауды талап етіп отыр. Олар аурухана қызметкерлерінің әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізіліп, заң аясында баға берілуін сұрайды.
Қазіргі уақытта дәрігерге шабуыл жасау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.


