Кариб теңізінде жүзіп жүрген Caribbean Princess круиз лайнерінде 148 адамнан асқазан-ішек инфекциясының белгілері анықталды. Бұл туралы АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметіне сүйенген The New York Post басылымы хабарлады. Жаппай сырқаттанудың нақты себебі әзірге белгісіз, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
17 қарашадағы мәлімет бойынша, лайнердегі 2936 жолаушының 134-і және 1132 экипаж мүшесінің 14-і ауырып қалған. Олардың барлығында құсу мен іш өту белгілері байқалған.
Круиз кемесі 11 қарашада АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Лодердейл портынан 12 күндік сапарға шыққан. Бағыт бойынша кеме Колумбия жағалауы мен Панама каналы арқылы өтуі тиіс. Саяхат басталғаннан кейін төрт күн өткенде Princess Cruises компаниясы кемедегі инфекцияның таралуы туралы санитарлық қызметке хабарлаған.
Қазіргі уақытта сырқаттанған жолаушылар мен экипаж мүшелері оқшауланған. Кемеде дезинфекциялау жұмыстары күшейтіліп, зертханалық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынған. Алайда сараптама нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.
Princess Cruises компаниясының мәлімдеуінше, науқастардың жағдайы ауыр емес, ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Круиз лайнері белгіленген кесте бойынша сапарын жалғастырып, 23 қарашада Флоридаға оралуы керек.
Айта кетейік, бұл – 2026 жылы Princess Cruises компаниясының кемелерінде тіркелген төртінші жаппай асқазан-ішек инфекциясы.


