Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Өзбекстанда тамақтан уланып, ауруханаға жатқызылған 16 қазақстандық баланың қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Министр Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ташкенттегі медициналық мекемеде ем қабылдап жатқан балалардың жағдайы тұрақты екенін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан тарапы оқиғаның алғашқы күнінен бастап Өзбекстандағы елші Ералы Тоғжановпен байланыста болып, балалардың денсаулығын онлайн бақылауға алған. Сондай-ақ оларға көрсетіліп жатқан медициналық көмек Қазақстанның емдеу хаттамаларына сәйкес келеді.
«Біз алғашқы уақыттан бастап Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановпен байланыста болдық. Балалардың жағдайы онлайн түрде біздің бақылауымызда деуге болады. Балалардың алып жатқан емі біздің де хаттамамызға сай келеді. Балалардың жағдайы тұрақты. Вице-министр бүгін тағы бір жиын өткізіп, онлайн режимде әр баланың жағдайына қатысты ақпарат алды. Әзірге балаларды Қазақстанға жеткізу жоспарымызда жоқ. Егер алып келу қажет болса, біз оған дайынбыз», – деді министр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қажет болған жағдайда Түркістан облысы мен Шымкент қаласында балаларды қабылдауға арналған төсек орындары дайындалады. Қазір өңірлерде дәрігерлер мен қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
«Балалардың жағдайы тұрақты. Олар тамақтан уланған. Бірақ Өзбекстан тарапы қосымша зерттеулер жасап жатыр. Олар ресми жариялаған соң нақтысы белгілі болады. Балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деп мәлімдеді министр.
