Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
27 қарашада Алматының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.
Сот Санжар Боқаевты орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұған дейін прокурор оған 12 жыл түрме жазасын сұраған, ал қорғаушылар ақтауды талап еткен.
Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Олардың қатарында алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бар.
Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев жиенімен бірге кәсіподақ қаражатынан 42 миллион теңгеден астам ақша жымқырған. Сондай-ақ оған Алматыдағы 12 гранит тақтаны ұрлауды және Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуді ұйымдастырды деген айып тағылған.
Еске салайық, Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда ұсталған болатын.


