Актриса Назгүл Қарабалина актер Азамат Сатыбалдымен шаңырақ көтерген алғашқы жылдары бастан өткерген қиындықтары туралы айтты. Өнер иесінің сөзінше, болашақ жары үйленер алдында үлкен той жасауға жағдайы жоқ екенін бірден ескерткен. Алайда бұл Назгүлдің отбасын құру туралы шешіміне әсер етпеген, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Актриса үшін сол кезде дүркіретіп той өткізу емес, сүйген адамымен бірге өмір бастау маңызды болған. Ол өзін жоқшылықта өскен адам санамайтынын айтқанымен, тұрмысқа шыққаннан кейін баспана мәселесіне байланысты қиындықтарға тап болған.
Назгүл Қарабалина Азамат Сатыбалдымен бірге жертөледе тұрған кездерін де еске алды. Оның айтуынша, сол кезеңде тұрмыстың оңай болмағаны сонша, үйдің төбесінен су тамшылап тұратын.
«Азамат мен той істеп беретін жағдайым жоқ деп ашығын айтты. Маған ол маңызды да емес еді. Мен жоқшылықта өскен адам емеспін. Бірге жертөлелерде тұрдық. Қиын кезеңдер өтті. Тық-тық деп су ағып тұратын», – деді Назгүл Қарабалина.
Актрисаның айтуынша, Азамат үйленер алдында өзінің материалдық жағдайын жасырмаған. Ал Назгүл үшін қымбат той мен сән-салтанаттан гөрі сүйген адамымен бірге болу маңызды болған. Осылайша, ерлі-зайыптылар отбасылық өмірін қарапайым жағдайда бастап, қиындықтарды бірге еңсерген.


