Қонаевта қайғылы оқиға болды – мектептегі үзіліс кезінде баспалдақ таянышымен сырғанаған оқушы үшінші қабаттан екінші қабатқа құлаған. Зардап шеккен бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қарашада сағат 13:18-де үзіліс кезінде жазатайым оқиға болған. Мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақ таянышымен сырғанаған оқушы екінші қабатқа құлап түсіп, басынан ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем қызметі шақыртылған. Бала аса ауыр халде ауруханаға жатқызылған.
Дәрігерлер екі тәулік бойы 11 жасар баланың өмірі үшін күрескен. Медициналық көмек көрсетуге республикалық, қалалық және облыстық жетекші балалар нейрохирургтары тартылған. 17 қарашада шұғыл ота жасалған.
Медицина мамандарының күш-жігері мен жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қарашада сағат 10:00-де бала көз жұмған.
«Баланың қазасы – ата-анасы, туған-туыстары, жақындары, сыныптастары, ұстаздары мен бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас қайғы.
Алматы облыстық білім басқармасы көз жұмған оқушының отбасына қайғырып көңіл айтады», — делінген хабарламада.


