Жұмадағы жеңілдіктер жай науқан емес, сауда компаниялары, маркетплейстер, қаржы ұйымдары мен логистикалық операторлар қатысатын тұтынушылық сұранысты ынталандырудың экономикалық тетігі. Бұл ретте әрбір қатысушының экономикалық мүддесі айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл туралы QazExpertClub сарапшысы, қаржыгер, EconomiQ Telegram-арнасының авторы Венера Жаналина пікір білдірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Қазақстанда электрондық коммерцияның дамуына және тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алудың кең таралуына байланысты бұл тақырып ерекше өзектілікке ие болып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы бөлшек электрондық сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,16 трлн теңгені құраған еді. Осылайша, өсім 19,4%-ды құрады. Бұл ретте сауда айналымының 86%-ы, яғни 3,24 трлн теңгесі маркетплейстерге тиесілі болды. Елдегі бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық коммерцияның үлесі 14,3%-ды құрады.
Сауда компаниялары: пайда табу ма, әлде айналым капиталын босату ма?
Сауда компаниялары үшін Қара жұма маркетинг құралы ғана емес, сонымен қатар тауар қорларын азайтуға, айналым капиталының айналымдылығын жеделдетуге, тауарларды сақтау шығындарын төмендетуге және жаңа клиенттерді тартуға мүмкіндік беретін қаржылық басқару құралы.
Тауарлардың жекелеген санаттары, ең алдымен маусымдық немесе моральдық тұрғыдан ескіріп бара жатқан тауарлар үшін маржиналдықтың төмендеуі экономикалық тұрғыдан негізді болуы мүмкін. Өйткені бұл тауар қорларының құнсыздану тәуекелін азайтып, айналым капиталын босатуға мүмкіндік береді.
Алайда түсімнің өсуі әрдайым пайданың артуын білдірмейді. Мысалы, бастапқы жалпы маржа 40%, ал жеңілдік 20% болған жағдайда, тауар бірлігінің өзіндік құны өзгермесе, компания жалпы пайданың бұрынғы көлемін сақтау үшін сатылған тауар санын екі есе арттыруы қажет.
Сондықтан жеңілдіктер науқанының тиімділігін сату көлемі бойынша ғана емес, маржиналдықтың, тауар қорлары айналымдылығының, операциялық пайданың және ақша ағынының динамикасы бойынша да бағалау қажет.
Маркетплейстер: ауқым есебінен табыс табу
Делдалдық бизнес-модель аясында маркетплейс, сатушыдан айырмашылығы, тауар қорларын сатып алуға және олардың құнсыздануына байланысты тәуекелдерді көтермейді. Оның табысы сатылымнан алынатын комиссиялар, жарнамалық, логистикалық және басқа да қызметтер есебінен қалыптасады.
Шартты мысалды қарастырайық: тауардың бағасы 100 мың теңге, өзіндік құны 60 мың теңге, ал маркетплейстің комиссиясы 10% болған жағдайда сатушының маржиналдық табысы 30 мың теңгені, маркетплейстің комиссиялық табысы 10 мың теңгені құрайды. Егер сатушы өз есебінен 20% жеңілдік ұсынса, бұл көрсеткіштер тиісінше 12 мың және 8 мың теңгеге дейін төмендейді. Осылайша, сатушының бір тауардан алатын маржиналдық табысы 60%-ға, ал маркетплейстің комиссиялық табысы небәрі 20%-ға азаяды.
Бұрынғы жиынтық маржиналдық табысын сақтау үшін сатушы сатылатын тауар санын 150%-ға арттыруы қажет. Ал маркетплейске комиссиялық табысын бұрынғы деңгейде сақтау үшін сатылым санының 25%-ға өсуі жеткілікті.
Егер жеңілдіктер науқанының нәтижесінде сатылған тауар саны екі есе артса, сатушының түсімі 60%-ға өседі, оның жиынтық маржиналдық табысы 20%-ға төмендейді, ал маркетплейстің комиссиялық табысы 60%-ға артады. Бұл есепте жеңілдіктер науқанын өткізуге жұмсалатын қосымша шығындар ескерілмеген, сондай-ақ тауар бірлігінің өзіндік құны мен комиссия мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады деп алынған.
Осылайша, бір маркетингтік науқан оның қатысушылары үшін әртүрлі, тіпті қарама-қарсы қаржылық нәтижелерге әкелуі мүмкін.
Маркетплейстің делдалдық бизнес-моделінің артықшылығы – оның комиссиялық табысы сатушылардың маржиналдығына емес, сауда айналымына байланысты.
Маркетплейстер үшін қосымша артықшылықтар клиенттік базаны кеңейту, сатып алу жиілігін арттыру және қосымша сервистерден табыс табу мүмкіндігімен байланысты. Бұл ретте олардың түпкілікті пайдасы жарнамаға, логистикаға, бонустық бағдарламаларға және жеңілдіктерді бірлесіп қаржыландыруға жұмсалатын шығындарға да тәуелді.
Банктер: тұтынушылық сұраныстан табыс табу
Банктер үшін Қара жұма тұтынушылық қаржыландыру көлемін және төлем операцияларынан түсетін табысты арттыруға, сондай-ақ клиенттік базаны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сатып алушының бөліп төлеу кезінде пайыздық үстемеақы төлемеуі қаржыландырудың өзіндік құны жоқ дегенді білдірмейді. Бұл ретте қазақстандық маркетплейстер комиссиялық сыйақының әртүрлі модельдерін қолданады.
Мәселен, Kaspi.kz дүкенінде және Halyk Market-те тауар санаттарының басым бөлігі бойынша 12 айға дейін бөліп төлеу рәсімделген кезде комиссия мөлшері өзгермейді. Ал ForteMarket сараланған тарифтерді қолданады: 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап банк картасымен төлем жасалған кезде сатушының комиссиясы 10%-ды, 12 айға бөліп төлеу кезінде 12,5%-ды, ал 24 айға бөліп төлеу кезінде ҚҚС-ты есептемегенде 15%-ды құрайды.
Егер сатушылар тауардың бірыңғай бөлшек сауда бағасын қалыптастыру кезінде бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынуға байланысты шығындарды ескерсе, айқаспалы субсидиялауға алғышарттар пайда болады. Яғни тауарды өз қаражатына сатып алатын тұтынушылар басқа сатып алушылардың сатып алуын қаржыландыру шығындарын өтеуге жанама түрде қатысуы мүмкін.
Алайда бөліп төлеудің кеңінен қолжетімді болуы тұтынушылық сұранысты ынталандырумен қатар, халықтың борыштық жүктемесінің арту тәуекелін де туындатады. Мәселен, 2026 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан Ұлттық Банкі бөліп төлеу және BNPL өнімдері нарығы бойынша талқылауға арналған құжат жариялап, қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу қызметтерінің таралуына байланысты тәуекелдерге ерекше назар аударды.
Сатып алушылар: нақты үнем бе, әлде үнемдеу иллюзиясы ма?
Сатып алушы өзіне қажетті немесе алдын ала сатып алуды жоспарлаған тауарды әдеттегі жағдайда сатып ала алатын бағадан төмен бағаға алған кезде ғана нақты үнемге қол жеткізеді.
Бастапқы бағасы 100 мың теңге болатын қажетсіз тауарды 50% жеңілдікпен сатып алу 50 мың теңгені үнемдеуді емес, 50 мың теңге көлемінде қосымша шығын жұмсауды білдіреді.
Үстемеақысыз бөліп төлеу қаржылық жүктемені уақыт бойынша бөлуге және ағымдағы өтімділікті сақтауға мүмкіндік береді. Алайда сатып алудың қолжетімділігін тек ай сайынғы төлем мөлшеріне қарап бағалау шамадан тыс тұтынуға және борыштық жүктеменің артуына ықпал етуі мүмкін.


