Алматының әр көшесінде тарихтың ізі, әр төбесінде дәуірдің табы, әр буынында ұлттың тағдыры жатыр. Мыңжылдықтар қойнауынан тамыр тартқан бұл шаһар талай өркениеттің керуенін көрді, талай заманның үнін естіді. Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында Шығыс пен Батысты жалғаған қала болса, кейін қазақтың руханияты мен ғылымының, әдебиеті мен өнерінің өрісін кеңейткен мәдени ортаға айналды, деп жазады Muztaumedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Алматы – егемендігіміздің алтын бесігі. Сонымен бірге, еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы» деген сөзі – қаланың тарихтағы маңызын ғана емес, оның ел болашағындағы орнын да айқындайды. Алматы бүгінде жаңа дәуірдің табалдырығында тұр.
Әлем өзгеріп жатыр. Экономиканың табиғаты, технологияның қарқыны, адамдардың өмір сүру салты, қалалардың бір-бірімен бәсекелесу тәсілі түбегейлі жаңарды. XXI ғасырды қалалар ғасыры деп атайды. Бүгінде елдердің ғана емес, қалалардың да бәсекеге қабілеттілігі олардың экономикалық қуатымен, адами капиталымен, технологиялық дамуымен және өмір сүру сапасымен өлшенеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Алматы XXI ғасырда Орталық Азиядағы жетекші қалалардың бірі ғана емес, өңірдегі қалалар арасындағы көшбасшылық позициясын нығайтып келе жатқан, басқа қалаларға үлгі болатын мегаполис. Олай болса, Алматының алдында тұрған міндет те айқындала түседі. Бізге жәй ғана өсіп келе жатқан мегаполис емес, өзгерістерді қалыптастыра алатын қала керек. Бізге инвестиция тартатын ғана емес, инвестицияға жаңа мүмкіндік жасайтын; технологияны тұтынатын ғана емес, оны өндіретін; талантты сырттан іздейтін ғана емес, таланттың өзіне жол ашатын Алматы қажет. Осының өзі қаланы басқарудың да, дамытудың да бұрынғы өлшемдеріне қайта қарауды талап етеді. Нағыз даму – қаланың көлемін емес, оның өмір сүру сапасын арттыру.
Сондықтан бүгін Алматы алдында тұрған ең басты сұрақ – «қаланы қалай үлкейтеміз?» деген сұрақ емес, «Келешек ұрпаққа қандай қала қалдырамыз?» деген сауал. Бұл сауалдың салмағы ауыр. Өйткені, Алматының экономикалық қуаты, ғылыми әлеуеті, мәдени ықпалы, туристік тартымдылығы мен технологиялық мүмкіндігі тұтас Қазақстанның даму бағытына әсер етеді. Сондықтан біздің ұстанымымыз қарапайым: біз Алматының мәселелерін жақсы білеміз. Көлік кептелісін де, инженерлік желілердің тозуын да, ауа сапасына қатысты мәселелерді де, мектеп пен балабақшаға деген сұраныстың артып келе жатқанын да, қоғамдық кеңістіктерге түсетін жүктемені де көріп отырмыз. Ең маңыздысы – бұл мәселелердің әрқайсысы бойынша нақты шешімдер іске асырылып жатыр. Біздің міндет – проблеманы жүйелі түрде шешу.
Қазір әлем қалалары сапалық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Қай шаһар адамға мүмкіндік бере алады? Қай жерде жаңа идеяға орын бар? Қай жерде кәсіпкер өз ісін еркін дамыта алады? Қай жерде бала сапалы білім алып, қарт адам қауіпсіз өмір сүре алады? Осындай сұрақтарға жауап бере алған қалалар ғана жаңа дәуірдің көшін бастайды. Бұл ретте инвестиция мен адам капиталының жолы да бір-бірімен тоғысады. Ал талант пен капитал тоғысқан жерде жаңа экономика, жаңа кәсіп, жаңа технология, жаңа мәдениет қалыптасады. Демек, қаланың ең басты капиталы – оның адамдары.
Алматының беделді халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрінуі – кездейсоқтық емес. Оның артында қаланың экономикалық қуаты, адам капиталы, іскерлік ортасы, инвестициялық тартымдылығы мен өмір сүру әлеуеті секілді өзара сабақтас көптеген фактор бар.

Бүгінде экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең қуатты экономикалық орталығы. Қалада мыңдаған шетелдік компания мен әлемдік ірі корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес.
Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі. Қала еліміздегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндірсе, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі Алматының экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің арта түсуіне мүмкіндік мол. Ол үшін инвестицияға қолайлы орта қалыптастыру, жаңа өндірістер мен жоғары технологиялық секторларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Алматының экономикалық әлеуетін түсінудің тағы бір маңызды өлшемі – жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің 30 мың АҚШ долларынан асуы. Бұл көрсеткіш қаланың тек өндірістік немесе қаржылық орталық қана емес, ауқымды тұтыну нарығы қалыптасқан мегаполис екенін де аңғартады. Тұрғындардың сатып алу қабілетінің жоғарылығы, белсенді бизнес орта және халықаралық стандарттарға сұраныс Алматыны әлемдік брендтер үшін де тартымды нарыққа айналдырып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр қаланың даму моделі оның табиғи, экономикалық және адами артықшылықтарына негізделеді. Лондон қаржы орталығы, Сингапур логистика мен технологияның, Дубай туризм мен халықаралық бизнестің жаһандық хабы ретінде танылса, Алматы да экономика, білім, ғылым, мәдениет пен туризм тоғысқан Орталық Азиядағы ірі мегаполис ретінде өзінің бірегей даму моделін қалыптастырып келеді. Бұл – Алматының өңірдегі бәсекелік артықшылығын нығайтатын маңызды негіз.
Бірақ экономикалық қуаттың екінші қыры бар. Қала байыған сайын оның алдындағы жауапкершілік те арта түседі. Өйткені, Алматының экономикалық өсімі оның көшелеріндегі қозғалыстан, тұрғын үй нарығынан, инженерлік желілерден, ауа сапасынан, қоғамдық кеңістіктерден, адамның күнделікті өмірінен көрінуі керек. Бұл жағынан алғанда, қаламыз әлемнің ірі мегаполистеріне ортақ күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Урбанизацияның қарқыны тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Көлік жүйесіне түсетін салмақ көбейді. Инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігіне қойылатын талап күшейді. Қала халқы өскен сайын мектепке, балабақшаға, медицинаға, қоғамдық көлікке, саябақ пен демалыс орындарына деген қажеттілік те арта түсті. Яғни қаланың экономикасы инфрақұрылымынан жылдам өссе, оның игілігі тұрғынның өміріне толық жете қоймайды. Бұл – Алматы үшін ғана емес, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан барлық мегаполиске ортақ сын. Қазір қалада қолға алынып жатқан жүйелі жобалардың негізгі мақсаты да осында.

Инфрақұрылымды жаңарту, көлік жүйесін жаңғырту, тұрғын үй мәселесін реттеу, инженерлік желілердің қуатын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту, қауіпсіздікті күшейту, осының бәрі экономикалық өсімнің сапасын арттыруға бағытталған. Демек, оның нәтижесі адамның тұрмысынан көрінуі керек. «Байлық – қолға ұстағаның емес, елге тигізген пайдаң» деген қазақтың халық даналығы осы жерде ерекше мәнге ие.


