Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысушылар алдында кең ауқымды баяндама жасады. Президент бұл бастаманы жай ғана науқан емес, халқымыздың саналы таңдауы, еліміздің халықаралық беделі мен инвестициялық тартымдылығын арттыратын оң өзгеріс деп бағалады, деп хабарлайды Muztaumedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Саябақта ағаш егу акциясы қатысушыларды қоршаған ортаны таза әрі абаттандыру сияқты ортақ мақсат төңірегінде жұмылдырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет саясатын қолдағаны үшін азаматтарға алғыс айтты.
«Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Мемлекет басшысы экологиялық және қоғамдық бастамаларға қатысып жүрген жастардың рөлін бөлек атап өтті. Президенттің айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен адамның өзі тұратын жерге деген қамқорлығынан көрінеді.
«Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады», — деді президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы табиғатты аялау ұлттық дәстүрдің бір бөлігі екенін және Конституцияда бекітілгенін атап өтті. Ол қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының айрықша мәнге ие екеніне тоқталды.
«Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының қоршаған ортаны ластаумен және селқостықпен сыйыспайтынын қоса айтты. Оның сөзінше, атқарылып жатқан бұл жұмыстардың бәрі түптеп келгенде өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


