Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында елдің соңғы жеті жылдағы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Президенттің айтуынша, азаматтар жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көріп отыр.
«Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңде Қазақстан экономикасына 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған.
Сонымен қатар шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асқан.
Тоқаев тұрғын үй құрылысына да тоқталып, Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынатынын айтты.
Білім беру саласында 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынған.
Президент азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жеткенін атап өтті. Сондай-ақ осы кезеңде 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылған.
Инфрақұрылымға қатысты Мемлекет басшысы 35 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөнделгенін айтты.
«Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына енген.


