Париж апелляциялық соты француз актері Жерар Депардьенің актриса Шарлотта Арнуды зорлады деген айып бойынша қылмыстық сот алдында жауап беруі туралы шешімді күшінде қалдырды. Алайда сот оған тағылған эпизодтардың біреуі бойынша қудалауға негіз жоқ деп тапты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
26 қарашада қабылданған шешімге сәйкес, актер 2018 жылғы 7 тамызда болған оқиға бойынша сотқа тартылады. Ал 13 тамыздағы оқиғаға қатысты қылмыстық қудалауды жалғастыруға негіз жоқ деп танылды.
Шарлотта Арну 2018 жылы 22 жаста болған кезде бала кезінен таныс актердің Париждегі үйіне театр қойылымына дайындалу үшін барған. Актрисаның айтуынша, сол кезде 69 жаста болған Депардье оны бірнеше рет саусақпен зорлаған.
Бес жылға созылған тергеуден кейін судья актерді қылмыстық сотқа жіберу туралы шешім шығарған. Тергеу нұсқасы бойынша, Депардье жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, оны қарсылық білдіре алмайтын және қашып құтыла алмайтын дәрменсіз күйге түсірген. Судья актер әйелдің ерікті әрі анық келісімін алмағанын, оның осал жағдайын пайдаланғанын атап өткен.
Депардьенің адвокаттары айыптаумен келіспейді. Олар жыныстық қатынас болғанын дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз екенін айтып, актердің қылмыстық ниеті болмағанын алға тартты. Қорғау тарапы сот шешімін алғаннан кейін кассациялық шағым түсіру мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.
Ал Шарлотта Арнудың адвокаты сот шешімін клиенті үшін жеңілдік болғанын айтты.
77 жастағы актерге қатысты айыптаулар мен шағымдар соңғы сегіз жылдан бері жалғасып келеді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың мамырында тағы бір актриса арыз бергеннен кейін Парижде оған қатысты жаңа тергеу басталған.


