Close Menu
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Аймақ
  • Оқиғалар
  • Білім & ғылым
  • Спорт
  • Шоу бизнес
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
  • Басты бет
  • Редакция
  • Портал тәртібі
  • Ақпараттық хабарлама
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
Қаз Рус
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Аймақ
  • Оқиғалар
  • Білім & ғылым
  • Спорт
  • Шоу бизнес
Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram Threads
РУСКИЙ
Мuztaumedia.kz — ақпараттық агентігіМuztaumedia.kz — ақпараттық агентігі
Home»Білім & ғылым»Қазақтың шонжары қатын шығармаса керек еді: Қабдеш Жұмаділов «Қан мен тер» романын бағаламаған
Білім & ғылым

Қазақтың шонжары қатын шығармаса керек еді: Қабдеш Жұмаділов «Қан мен тер» романын бағаламаған

Әмірболат ҚұсайынұлыӘмірболат Құсайынұлы12.08.2026736
ЖАЗУШЫ ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ: “ҚАН МЕН ТЕР” ХАҚЫНДА
«Қан мен терді» мен де оқығанмын. Роман маған ұнаған жоқ. Түбі үлкен эпопеяға айналады деп мөлшерленген, үш кітаптан тұратын романның алғашқы сөйлемі: «Тырыли арық қара қатын» деп басталады екен. Осы сөйлемді оқығанда-ақ, аузыма балшық салып жібергендей, бір жағымсыз күйге түскем.
Жазушы Арал жағасындағы балықшылар өмірін біршама білгенімен, қыр еліне шыға бере-ақ сүрінеді. Жасанды оқиғалар, жасанды суреттер… Автор көшпенділер стихиясынан мүлде хабарсыз десе де болғандай. Қыр шонжары Тәңірбергеннің мүдделері жанаспайтын балықшы кедейлермен неге ұстасып жүргені белгісіз. Сірә, тап күресін көрсеткені болар… Бас кейіпкер Еламан — «Тынық Дондағы» Григорийдің көлеңкесі. Ақбаланың іс-әрекеті түгелімен Аксиньяны еске салады.
Біз білгенде, қазақтың шонжары қатын шығармаса керек еді. Пәлен мырзаның тоқалы түгенбайдың есігінде жүруге тиіс емес. Қазақ әйелден көңілі қалса, кемдікте ұстайды, үстіне тағы да тоқал алады. Ал Ақбала олай емес, Григорий мен Степанды кезек алмастырған Аксинья тәрізді, ол да Тәңірберген мен Еламан арасында жортып жүреді. Романда Сүйеу қарт деген біреу бар. Автор қазақ шалдарының аузына заманына лайық сөз тауып бере алмайды да, ол байғұс үнемі үнсіз отырады. Судыр Ахметтің ар жағында Шукар шал тұр…
Қысқасы, қай жағынан алып қарасаң да, «Қан мен тер» әркімге бір еліктеген бодандық әдебиеттің төл тумасы еді. «Егер Қазан төңкерісі болмаса, қазақ ұлты күнін көре алмай, қоңыз теріп кетер еді» дейтін сол баяғы жаттанды концепция! Мұндай шығарманың халықты улағаннан басқа берері жоқ.
Жарайды, Кеңес дәуірінде не жазылмады? Егер «Қан мен тер» де сол ауқыммен туған ортақолды дүниенің бірі болып жүре берсе, ешбір дау шықпас еді. Олай емес, роман жазылып бітер-бітпестен осы шығарманы пір тұтушылар көбейіп кетті. Жай мақтап қана қойса бір сәрі ғой, енді оны әдебиеттегі эталонға айналдырмақ. Нұрпейісовты қолтықтап апарып, Әуезовтің бос тұрған орнына отырғызбақ.
Ол үшін романды тезірек орысшаға аударту керек. Онда да, анау-мынау емес, шет елдерге кеңінен мәлім, шебер жазушы Юрий Казаков қолға түссе тіпті жақсы. Сол тұста әлденеден өкіметке жақпай, өз шығармалары басылмай жүрген Казаков шырмадағы жемге оңай түсіпті. Казаковты Алматыға шақырып, үкіметтің таңдаулы демалыс үйіне орналастырып, үстеме ақымен «Қан мен терді» аудартып жатыр екен деп естігенбіз. Оның алғашқы кітабы өткен жылы «Сумерки» деген атпен орысша басылып шыққан. Енді Казаковтың даңқымен одан әрі шет тілдерге аударыла ма деген үміт бар…
Жалпы, бұл романнан белгілі жанкүйер топ қана емес, үкімет пен партия да зор үміт күтіп отырған. Сондай шығармаға шәк келтіру — дәл қазір құдайға тіл тигізгенмен бірдей еді.
Газет шыққан күні сәскелік «летушкада» редакциядағы жігіттер менің шолу мақала­ма жоғары баға берді. Редактор да разы екенін білдіріп, жылы сөздер айтты. Ол кезде газет аптаның соңында, жұма күні шығатын-ды. Түстен кейін Сәкен, Рамазандар «мақалаңды жумайсың ба» деп мені қажап отырған. Кенет ортамызда тұрған қара телефон шыр ете қалды. Трубканы көтерсем, редактор екен:
— Қабдеш, маған келіп кетші! — деді ақырын ғана. Нығмет ағамыз қашанда биязы сөйлейтін кісі ғой. Бұл жолғы дауысы тіпті сынық көрінді.
Не боп қалды деп жетіп барсам, редактордың қасында үш адам отыр екен: Нұрпейісов, Ахтанов, Қабдолов… Өңдерін өшіргендей, қандарын ішіне тартып сұрланып алған. Үшеуі үш жақтап Нығметті қатты қысымға алып отырғаны байқалады. Редактордың мені шақыруы да жетіскендіктен емес, дәтке қуат шарасыздықтан. Әрине, университетте сабақ берген Зейнолла ағамыз мені білуге тиіс. Ал Әбдіжәміл мен Тахауи сырттай көріп жүрсе де, түс тоқтатып қарамаған секілді. Мен есіктен кіре бергенімде, «құбыжықты көріп алайықшы» дегендей, әлгілер маған қарап бағжиысып қалды. Едәуір үнсіздіктен кейін тұс-тұстан дүрсе қоя берді.
— Осы ғой — бәрін бүлдіріп жүрген?
— Бұл өзі Қытайдан келген дей ме? Осындай күмәнді адамдар партиялық баспасөзге қалай кіріп алады?
— Қытайдан келсе, кімнің кім екенін бұл қайдан білсін? Мұның артында әдейі айдап салып отырған топ бар ғой. Соларын айтсын! — десіп жатыр.
Өздері сияқты жұрттың бәрі үйірімен топталып жүреді деп ойлайтын болса керек. «Ақыл қосқан кім? Осының бәрін кім үйретті?» деп тергеуге кірісті. Мен, әрине, өз тарапымнан: ешқандай топта жоқ екенімді, шолу мақалада ойдан ештеңе қоспағанымды, жиналыста сөйлеген шешендердің сөздерін ғана келтіргенімді айтып жатырмын. Бірақ оныма құлақ асқан ешкім болмады. Тахауи мен Әбдіжәміл екеуі екі жақтан зіркілдеп:
— Жиналыста кім не айтпайды, соның бәрін газетке жариялай беру керек пе?
— Мұндайларды көктей жұлып тастамаса, бүкіл әдебиетті бүлдіруі мүмкін. Бүгін автор мен аудармашының арасына ши жүгірткен адам ертең қазақ пен орыстың арасына от жақпасына кім кепіл?! Сондықтан, осы қазір бұйрық жазып, мұны қызметтен қуатын бол! — деп редакторға салмақ салып отырып алды.
Әттең, дүние-ай! Шет жерде туып, жат жұрттың жәбірін бір кісідей-ақ татып едім. Бірақ өз қандастарымнан мұндай қиянат, зорлық көрем деп ойлаппын ба? Сол арада ащы ызаға булығып, өз тағдырыма налығандай, тілімді тістеп отырып қалдым…
***
…Ел азаттыққа шығып, қоғамдық құрылыс, идеология ауыспақ түгіл, дүние төңкеріліп қалса да бақайынан келмей, жатып алған жазушылар да болды. Жатып алған жоқ-ау, басқалар тойға айналғанда, олар қойға айналып, өз ұпайларын түгендеп жүрді. Мәселен, Нұрпейісовке бәрібір еді. Кеше Компартияның сүйіктісі болса, бүгін тәуелсіз Қазақстанның құрметті ақсақалы. Кезінде Қонаевпен көңілдес еді. Колбинмен де достасып үлгерді…
Қазақстан Компартиясы тарағанда, Орталық Комитеттің бар қаржысын басып қалған Анифуриев, Гукасов сияқтылар бірден бизнеске көшіп, «КРАМДС» атты корпорация құрған. Өздері тасада қалып, Тё дейтін кәрісті президент етіп қойды. Біз тарих үшін тартысып, шындық үшін шырқырап жүргенде, Нұрпейісов не істеді дейсіз ғой? Ол жаңағы Тё мырзаның кеңсесінде кеңесші болып отырды. Ештеңеден ұтылған жоқ, қалтасы қалың, ұпайы түгел. Оның бұл еңбегін республика үкіметі жоғары бағалап, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ордендерінің бірін соның омырауына тақты.
Қазақстан Жазушылар одағы бюджеттен ажырап, қиын жағдайда қалғанда, Нұрпейісов оған пысқырып та қараған жоқ. Төңірегіне жерлестері мен көңілдестерін топтап, өз алдына жеке пенклуб құрып алды. Әр тараптан әдебиетке бөлінген қаржыны жол ортадан қағып алады да, бүйідей бүк түсіп жата береді. Жыл сайын сыбайластарына сыйлық таратады…
Өзгесін қойшы, президент Назарбаевтың Абай қорына аударған 100 мың доллар ақшасын пенклуб қағып кеткенін естігенде, бұған «дауа жоқ екен» деген қорытындыға келдік.
Білетіндердің айтуынша, Нұрпейісов әдебиетшілер үйін саламын деген сылтаумен, 1994 жылы мемлекеттен жарты миллион АҚШ долларын алыпты. Анығында, осы сомаға есептеп, Балқаштан бесжүз тонна мыс алса керек. Ол ақшаның қайда жұмсалғаны белгісіз. Конституция бойынша, қоғамдық ұйымдарға бюджеттен қаржы бөлмейтін Қазақстан үкіметінің бұл қай жомарттығы екенін түсіне алмадық. Дегенмен, бұл да бір өнер. Барлық уақытта, барлық патшаларға сүйікті болу өнері. Оны ғылым ретінде зерттеу керек!”.
(с) жазушы Қабдеш Жұмаділов
“Таңғажайып дүние” ғұмырнамалық романы
Share. Facebook Twitter LinkedIn Email VKontakte Telegram WhatsApp Threads Copy Link
Previous Article«Управляют низкие люди»: Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі «Respublica» партиясының төрағасы Қожаназаровты сынға алды
Next Article Алтын бағасы тарихи шегіне жетіп, рекордтық деңгейде қымбаттады — сарапшы кеңесі

Оқи отырыңыз...

Жұлдыз Сүлейменова ата-аналардың мұғалімдермен байланысына қатысты пікір білдірді

08.09.20262

«Қыркүйек пе, қыргүйек пе?»: министр Жұлдыз Сүлейменова даулы сөздің қайтып жазылатынына нақты жауап бере алмады

08.09.2026485

Мемлекеттік білім гранты бойынша оқыған түлектердің жұмыспен өтеу тәртібі қандай?

07.09.20265
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Қан байланысты шешпейді: Сәбиттің ұлы қарындасының тойына келмеуінің себебін айтты

30.07.20264 679

«Ерте тұрмысқа шықпаңдар»: Айгүл Иманбаева 15 млн-ға ұзатылған Алтынайдың қызы туралы айтты (ФОТО)

30.07.20264 265

10 жастағы моңғол қыздың қазасы: Моңғолдар соңғы оқиғадан кейін этникалық қазақтарды жазалауды талап етуде

18.08.20263 394

«Басқамен ойнас болған»: Жан Ахмадиев күйеуі ұрып өлтірген Мадина жайлы сұмдықты айтты

04.09.20263 355

Екеуі сезімталдықты күшейтуге келіскен: Астанада жас қыз жігітімен жыныстық қатынасқа түсіп жатқанда өліп кетті

28.08.20262 967

«Лондондағы қызыма көмек керек»: Жұлдыз Әбдікәрімова дабыл қағып, елден көмек сұрады

01.09.20262 844

10 қызды өлтіріп, етін жеген: министрлік атышулы каннибал Николай Жұмағалиевке қатысты пікір білдірді

30.07.20262 731

«Бәйбіше-тоқал тартысы тоқтады»: Айқын Төлепберген демалысқа қос некесінен туған балаларымен барған

26.08.20262 704

Халықаралық дау: Түркістан облысында қытайлық инвестор әйелді зорлаған депутат қамауға алынды

28.07.20262 570

«Құтырғандар-ай, мақтаншақтық»: қызының қалыңмалына 15 млн теңге алған Алтынай Жорабаева құдаларына алғыс жаудырды

28.07.20262 363

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Қасым Шәріпов көшесі, 206/6 үй

E-mail: info@muztaumedia.kz

Телефон: +7 705 156 6495

2026 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ49VPY00153959 нөмірімен тіркеліп, «Muztaumedia.kz» интернет басылым ретінде куәлігі берілді.

©2025 - 2026 / Muztaumedia.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар тіркелген.
  • Басты бет
  • Редакция
  • Портал тәртібі
  • Ақпараттық хабарлама

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.