Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 11 адамға жетті. Бұл туралы БАҚ өкілдері хабарлады. Ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Бұған дейін Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, толқынның күшеюі салдарынан Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің 19 әскери қызметшісін теңіз ағызып әкеткені белгілі болған.
Алғашқы мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, тағы екі әскери қызметшінің денесі судан шығарылған. Осылайша, қаза болғандар саны 11 адамға жеткен.
Оқиғаға байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
Комиссия қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексереді. Сонымен қатар марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Комиссия құрамына Қорғаныс министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Шекара қызметі және Бас әскери прокуратура өкілдері кірді.


