Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың отбасына қатысты жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Эльмира Төлегенова желідегі парақшасында үйде болған жанжал туралы айтып, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Блогердің айтуынша, жанжал кезінде ол гардеробқа кіріп, есікті ішінен жауып алған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған кей ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, күйеуінің оған физикалық күш қолданбағанын нақтылады. Оның сөзінше, Ерболат Жанабылов желіге ақпарат тарамауы үшін оның телефондарын алып қойған.
Астана қаласының полиция департаменті де отбасылық-тұрмыстық жанжал болғанын растады. Полиция мәліметінше, оқиға 30 қыркүйекке қараған түні болған. Ерлі-зайыптылар арасында дау туып, күйеуі әйелінің телефонын алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшірген. Әйел полицияға шара қолданбау туралы арыз берген. Медициналық куәландыру кезінде екі тараптан да денсаулыққа қатысты жарақат анықталмаған. Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Эльмира Төлегенова бұған қоса 27 қыркүйекте әжесінен айырылғанын айтып, қазір оған демалыс қажет екенін жеткізді.
«Мен жақында барлық мән-жайды ашып айтып беремін. Кейін өз блогымды уақытша тоқтатамын. Қазір желіде алып-қашпа әңгімелер көп. Күйеуім мені ұрмады. Қазір маған демалыс керек. Біз ажырасу процесіндеміз. Бұл ешқандай да хайп емес», – деді Эльмира Төлегенова.
Еске салайық, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында қозғалған. Тергеу мәліметінше, блогерлер оқырмандарға 30 мың теңгеден сатылған видеокурстар арқылы аса ірі көлемде табыс табуды көздеген. Сот барысында курстардың білім беру және экономикалық мәні болмағаны, сондай-ақ олардың кейбірі бұған дейін басқа платформаларда жарияланғаны айтылды.
Сот үкімімен Жанабыловтың мүлкі тәркіленіп, оған екі жылға шартты жаза тағайындалды. Ал Эльмира Төлегенованың мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды.


