2026 жылғы 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айырды. Қызы Малика әкесінің туған күніне орай әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады. Ол әкесінің өз өміріндегі орны туралы айтып, балалық шағындағы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
«Өміріміздегі кей адамдар жадымызда мәңгілік естеліктер қалдырады. Ал екіншілері біздің тұлға болып қалыптасуымызға әсер етеді. Сіз мен үшін екеуі де бола білдіңіз, Әке», – деп жазды қызы.
Малика әкесі оған бала кезінен велосипед тебуді үйреткенін еске алды. Оның айтуынша, сол сәтте әкесі оған велосипед тебуді ғана емес, өмірдегі маңызды қағидаларды да үйреткен.
«Сіз маған бір күні балапан ұясынан ұшатынын, әркез өзіңе сену керектігін, сүрінсең қайта тұру керек екенін үйретіп жатқаныңызды мен ол сәтте түсінген жоқпын», – деді ол.
Сондай-ақ Малика журналистика мамандығын таңдауы да әкесінің бала күнгі арманымен байланысты екенін атап өтті.
«Бұл таңдаудың да кездейсоқ емес, кезінде сіздің «журналист болсам» деген бала арманыңыздың жалғасы екенін білемін», – деп жазды ол.
Қызы әкесінің туған күніне орай оған деген махаббаты мен алғысын білдіріп, жүрегіндегі орнын ештеңе өзгерте алмайтынын жеткізді.
«Қанша есейсем де, әлемнің қай жерінде болмасам да, мен сіздің қызыңыз болып қала беремін. Мен – сенің арманыңның жалғасымын. Сізді жақсы көремін», – деп жазды Малика.


