Минскіде алты айлық жүкті әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс бойынша бұрынғы спортшы әрі хоккей төрешісі Алексей Гавриленок күдікке ілінді, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Татьяна есімді әйел 8 қыркүйекте ата-анасы мен достарының қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеген. Бұған алаңдаған ата-анасы сол күні Минск орталығындағы қызы жалдап тұрған пәтерге барған. Алайда үйден Татьяна табылмаған.
Кейін әйелге іздеу жарияланған және оның аяғы ауыр екені белгілі болды.
Тергеу кезінде, Алексей Гавриленок Татьянамен жақын қарым-қатынаста болғаны расталған. Көршілерінің айтуынша, ер адам пәтерге жиі келіп, өзімен бірге үлкен қара сөмке алып жүрген.
Алдын ала болжам бойынша, екеуінің арасында жанжал болып, ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Кейін оның денесін сөмкеге салып, қала сыртындағы орманға апарып, қылмыс іздерін жасыруға тырысқан деген нұсқа қарастырылып жатыр.
Қазір Алексей Гавриленок тергеу изоляторында отыр. Оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Оқиғаның нақты мән-жайын тергеу анықтап жатыр.


