Қазақстанда климаттық технологияларға сұраныс артып келе жатқанымен, жасыл стартаптардың дамуына кедергі болатын мәселелер әлі де бар. Қуаңшылық, су тапшылығы және Еуропалық Одақтың шекаралық көміртек салығы (CBAM) компанияларды шығындарын азайтып, экспорттық нарықтағы орнын сақтаудың жаңа жолдарын іздеуге итермелеп отыр. Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, климаттық саясат және орнықты қаржыландыру саласының маманы Мадина Қазкен айтты, деп хабарлайды Muztaumedia.kz.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда климаттық шешімдерді дамытуға қажетті қаржыландыру көздері бар. Жасыл жобалар венчурлік инвестициялармен қатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы да қолдау таба алады. Алайда қаржыландыру мүмкіндігі болғанымен, мұндай жобалардың саны әлі де аз.
Мадина Қазкеннің айтуынша, 2025 жылы Қазақстанның венчурлік нарығы айтарлықтай өскен. RISE Research деректеріне сәйкес, тартылған инвестиция көлемі 71 млн доллардан 209 млн долларға дейін артқан. Стартаптардың жиынтық бағасы 2,16 млрд долларға жеткен.
Алайда сарапшы бұл өсімнің едәуір бөлігі бір ірі мәмілеге байланысты болғанын атап өтті. Higgsfield компаниясы Series A раундында 130 млн доллар тартқан. Ал бұл мәмілені есептемегенде, инвестициялардың басым бөлігі жасанды интеллект саласындағы стартаптарға бағытталған. Климаттық технологиялардың үлесі төмен деңгейде қалып отыр.
«Өңірде қаржыландырылған стартаптардың саны да аз – миллион тұрғынға шаққанда небәрі 4,6 стартап», – деді Мадина Қазкен.
Оның сөзінше, экология саласындағы мемлекеттік қаржыландыру да көбіне қалыптасқан және ауқымды жобаларға бағытталады. Мәселен, қалдықтарды басқару саласында «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемі есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгені құрайтын 30 инфрақұрылымдық жобаны қаржыландырған.
Сарапшы мұндай инвестициялар саланың дамуы үшін маңызды болғанымен, бастапқы кезеңдегі, табысы мен кепілзаты жоқ стартаптардың мұндай қаржыға қол жеткізуі қиын екенін атап өтті.
Климаттық стартаптарға не кедергі?
Мадина Қазкен климаттық жобалардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – оларды әзірлеу және сынақтан өткізуге ұзақ уақыт қажет екенін айтты.
Цифрлық өнімді бірнеше ай ішінде жасап, нарықта сынауға болса, климаттық технологияларға жабдық, арнайы сынақтар және нақты нысанда пилоттық жоба қажет болуы мүмкін. Мұндай сынақтар егістікте, өндіріс орнында немесе су арнасында өткізіледі және бірнеше жылға созылуы ықтимал.
«Венчурлік инвестор, әдетте, жобаның қысқа мерзімде қарқынды өсуіне мүдделі. Ал климаттық технологияларда нәтиже көрсету үшін уақыт көбірек қажет», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, тағы бір мәселе – технологияны енгізетін тапсырыс берушілердің жаңа шешімдерге сақтықпен қарауы. Климаттық технологиялардың негізгі клиенттері қатарында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, өнеркәсіптік компаниялар, коммуналдық сектор және жергілікті атқарушы органдар бар.
Сонымен бірге стартап өз технологиясының нақты тиімділігін дәлелдеуі қажет. Өнімнің экологияға пайдасы бар екенін көрсету жеткіліксіз. Компания технологияның қанша су, энергия немесе қаржы үнемдейтінін нақты дәлелдеуі керек.
Осыған байланысты сарапшы климаттық стартаптар үшін «тұйық шеңбер» қалыптасатынын атап өтті: инвестиция мен клиент табу үшін сынақ нәтижелері қажет, ал сынақ өткізу үшін қаржы мен нақты нысан керек.
Қолдау тетіктерін күшейту қажет
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда стартаптарға арналған акселерациялық бағдарламалар бар болғанымен, олардың басым бөлігі IT жобаларына бағытталған.
Таза технологиялар саласындағы бастамалардың бірі – GCIP-Kazakhstan бағдарламасы. Үш жыл ішінде оған 550-ден астам өтінім түсіп, су ресурстарын мониторингтеуден бастап көміртек жобаларына арналған цифрлық MRV жүйелеріне дейінгі шешімдерді әзірлеген 100-ден астам команда акселерациядан өткен.
Алайда бағдарламаның ұлттық үш жылдық циклі 2025 жылғы желтоқсанда аяқталғаннан кейін стартаптарды акселерациядан алғашқы сатылымға дейін сүйемелдеу мәселесі өзекті болып отыр.
Мадина Қазкеннің пікірінше, экожүйеге ең алдымен үш негізгі тетік қажет. Олар – ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарда пилоттық жобаларды өткізуге арналған алаңдар, ұзақ мерзімді инвестицияға дайын «сабырлы» капитал және грант, венчурлік инвестиция мен жасыл несиені бір-бірін толықтыратындай етіп кезең-кезеңімен ұсынатын қаржыландыру жүйесі.
Сондай-ақ сарапшы жасыл стартаптардың негізін қалаушыларын дайындаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер технологияның экологиялық пайдасымен қатар, оның бизнеске әкелетін нақты қаржылық тиімділігін де көрсете алуы керек.
«Инвестор үшін өнімнің бизнеске қандай мәселені шешетіні, қанша қаражат үнемдеуге мүмкіндік беретіні және оны қандай жолмен ауқымдауға болатыны маңызды», – деді ол.
Қазақстанда мүмкіндік бар
Мадина Қазкен Қазақстанда климаттық технологиялар нарығын дамытуға қажетті негіз біртіндеп қалыптасып келе жатқанын айтты.
Атап айтқанда, 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясында трансшекаралық көміртекті реттеу тетіктері, ESG қағидаттарын енгізу және жасыл инвестиция тарту мәселелері қарастырылған.
Сонымен қатар елімізде көміртек жобаларын іске асыруға арналған құқықтық тетіктер қалыптасып, шығарындыларды мониторингтеу, есепке алу және верификациялау қызметтеріне сұраныс артып келеді.
Сарапшының пікірінше, ендігі міндет – қолданыстағы бағдарламаларды біртұтас климаттық технологиялар экожүйесіне біріктіру. Бұл стартаптарға идеядан бастап пилоттық жобаға, алғашқы келісімшартқа және инвестиция тартуға дейінгі жолды нақтылауға мүмкіндік береді.
Мұндай жүйе қалыптасқан жағдайда жасыл стартаптар Қазақстанның климаттық және экономикалық міндеттерін шешудің нақты құралдарының біріне айналуы мүмкін.


